×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Садықовтың өлімі: іс тапсырыспен кісі өлтіру бабына қайта сараланады

02.07.2024, 18:00
Садықовтың өлімі: іс тапсырыспен кісі өлтіру бабына қайта сараланады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Украинаның бас прокуроры кеңсесі қазақстандық журналист Айдос Садықовтың өліміне байланысты тергеу жаңаша баппен жүргізілетінін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Украина бас прокурорының кеңсесі не дейді

– Қазір құқық қорғау органдары істі адамдар тобының тапсырысы бойынша және алдын ала сөз байласуымен жасалған қасақана кісі өлтіру бабына өзгерту үшін хабарлама дайындап жатыр, – делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеуді Киевтің бас полиция басқармасы жүргізеді.

Еске сала кетейік, тергеу мәліметтері бойынша, қылмысқа Қазақстанның екі азаматының қатысы бар.

Киевтегі оқиға

Бұған дейін Украина бас прокуратурасы қазақстандық журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандықтың мән-жайын жариялаған еді. Ондағы мәліметке сүйенсек, шабуыл жасады деген күдіктілер 2 маусымда Польшадан келген.Күдікке ілінген екеу - Қазақстанның Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев деген азаматтары. 

Күдіктілер журналист Айдос Садықовты өлтіруді мұқият жоспарлағаны нақтыланды. Олар Украинаға 2 маусымда Польшадан келіп, көлікті жалға алып, журналисті бақылаған. Қастандық жасалған күні олардың бірі журналистің көлігіне барып, оқ жаудырған. Екіншісі аңдып тұрған. Содан кейін екеуі де қылмыс орнынан із жасырып кеткен. Сол күні олар Молдоваға өтіп кеткен. Сот оларды сырттай қамауға алған.

Көп өтпей Қазақстанның бас прокуратурасы Киевте оқтан жараланған журналист Айдос Садықовтың ісіне қатысты күдіктінің бірі ұсталғаны жөнінде ақпарат таратты. Құзырлы органның хабарлауынша, 21 маусымда А.М. Жақанбаев Қазақстан ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынған. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталған.

2 шілдеде журналист ес жимастан көз жұмды.