Алматы билігі митинг өткізу орындарын өзгертуге ниетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Адамдар тобының жақын орналасуы жұмысына кері әсер етуі мүмкін аумақтар мен объектілердің барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы орынды Шоқан Уәлиханов атындағы скверден Амангелді Иманов атындағы скверге ауыстыру қажет", – делінген Алматы мәслихаты шешімінің жобасында.
Сондай-ақ, Шевченкодан Жамбыл көшесіне дейінгі шеру маршруты орнына - Гагарин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейінгі жаңа маршрутты бекіту жоспарланған. Билік бұл шешімді кептелісі аз, көлік көп емес жол деп түсіндіреді.
Сонымен қатар, "Сары-Арқа" кинотеатрының артындағы алаң сыйымдылығын 500-ден 1000 адамға дейін өзгерту ұсынылды.
Құжат 24 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.