×
$
441.91
€
499.05
₽
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.91
€
499.05
₽
5.3

270 бала мектепсіз қалуы мүмкін: Алматыда ерекше балалардың ата-аналары алаңдап отыр

Бүгін, 18:02
270 бала мектепсіз қалуы мүмкін: Алматыда ерекше балалардың ата-аналары алаңдап отыр
Ulysmedia коллажы

270 бала — 120 орын. Алматыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 270-ке жуық баланың тегін білім алуы мәселеге айналды. «Педагог академиясы» ата-аналарының айтуынша, мемлекеттік қаржыландыру шамамен 120 балаға ғана сақталуы мүмкін. Қалғандары ақылы оқуға, мемлекеттік мектепке ауысуға немесе қайтадан үйде білім алуға мәжбүр болуы ықтимал. Ата-аналар бұған алаңдап отыр. Ulysmedia тілшісі олардың мұңын тыңдап, мәселенің мән-жайын біліп қайтты.

Шырылдаған бір топ ата-ана ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мамандандырылған мектепте білім алғанын қалайды. Олардың арасында аутизмі, психикалық және сөйлеу дамуы тежелген (ЗПР) және басқа да ерекшеліктері бар, арнайы жағдайды қажет ететін балалар бар. Инклюзивті түзету мектебі осы уақытқа дейін тегін жұмыс істеп келген. Тіпті осы Алматыдағы мектеп үшін басқа қалалардан арнайы көшіп келген ата-аналар да бар.

– Балаларды қарапайым мектепке алып бара алмаймыз. Оларды екі аптадан кейін оқудан шығарып жібереді. Олар кәдімгі мектепте оқи алмайды. Сабақ үстінде айқайлайды, 45 минут отыра алмайды, – дейді ата-аналардың бірі.

Перзенттерінің қоғаммен араласып, арнайы мектепке баруын қалаған ата-аналар өз уәжін Алматы білім басқармасына жеткізді. Жиналған жұртшылықтың білім басқармасына деген өкпесі қара қазандай екені бірден байқалды. Екі тарап бір-бірін естуі үшін біраз уақыт кетті.

– Балалар жап-жақсы осы мектепке барып жүрді. «Мектепке кешігеміз» деп асығады. Осы жерде жаттығу жасайды, билейді, ойнайды, сабақ өтеді. Балаларға ұнайды. Ата-аналарға да. Енді келіп мектептен шығуға тура келіп қалды. Осы бір айдың ішінде бала үйде отырмай осы орталыққа келіп-кетіп жүргенінің арқасында дамуында жақсы өзгерістерді байқадық. Енді келіп мектептегі бала санын қысқартса, олар үйде аптасына екі рет небары 45 минуттан мұғалім келіп-кетсе, ол бала ешкіммен араласпаса, қалай қоғамға бейімделеді?, – деді тағы бір ата-ана.

«Ерекше баланы үйде оқытсақ, ол қалай қоғамға бейімделеді?»

«Педагог академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрым Нұрғалиев жағдайға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес, негізгі нысан 60 орынға есептелген.

– Олар үйде оқитын балаларды жобалық қуатқа кіргізіп тұр. Мектептен бөлек, тағы екі орталықты үйде оқитын балалар келіп оқуы үшін бердім. Бұл оқушыларды жобалық қуатқа байланысты 60-қа азайту керегін айтып отыр, бірақ жобалық қуатқа күні бойы партада отыратын балалар кіреді.

Онсыз да 56 бала түзету сыныптарында оқиды. Олар күнделікті келіп, мектептің партасында отыратын балалар. Қалған 210-нан астам бала заң жүзінде үйде оқуға кеңес берілген балалар. Бірақ көп ата-ананың үйінде жағдай болмағандықтан, жаттығу жасайтын үлкен зал, қажетті жабдықтар мен балаға арналған жағдай болмағандықтан, мен мектептен бөлек екі ғимаратты бердім. Сол жерге келіп оқуға мүмкіндік жасап отырмын.

Енді Білім басқармасы үйде оқуға кеңес берілген балалар мектептің жобалық қуаты құрамына кіреді деп отыр. Бұл ешбір заңда жазылмаған. Балалар 3,5 жыл дәл осылай оқып келді. Біздің мектеп – ата-анадан қаражат алмайтын жалғыз жеке мектеп. Мен қалған 70 мұғалімге қалай айлық төлеймін? Білім басқармасы «рұқсат берілген 60 балаға ғана қаражат береміз, мүмкіндік болса 120-ға көбейтіп береміз. Қалған балаларды ақылы оқытыңдар немесе мемлекеттік мектептерге оқыту керек» деп отыр, – дейді Нұрым Нұрғалиев.

Нұрғалиевтің сөзінше, білім басқармасы мектептен бөлек ашылған екі нысанға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды қажет екенін айтқан.

– Ол ешқашан алынбайтын нәрсе. Бір жыл уақыт алуы мүмкін. Біріншіден, нысандар орналасқан жердің атауын «мектеп» деп ауыстыру керек. Бізде дәл осындай жағдай көктемде де болды. Мен өз қалтамнан ақша шығарып, өзімнің жерімді жеке тұрғын үй құрылысынан «мектеп» деп өзгерткенбіз. Үйде отырған бала жобалық қуат құрамына кіретінін заң жүзінде дәлелдеп берсе, мен мойындаймын. Мен үйде оқитын балаға жағдай жасап отырмын. Бассейн бар, арнайы мамандар бар. Заңда үйде оқитын балалар жобалық қуатқа кіреді деп те, кірмейді деп те жазылмаған, – деді Нұрым Нұрғалиев.

Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, «Педагог академиясы» қоғамдық ұйымын қаржыландыру мәселесі 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі өтінімді қарау нәтижесіне байланысты туындаған. Ұйым Ұлттық білім беру деректер қорына 268 оқушыны тіркеген. Оның ішінде 56 бала түзету сыныптарында білім алса, 212 оқушы үйде оқитындар ретінде көрсетілген. Сонымен қатар қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес, нысан 60 орынға ғана есептелген.

Білім басқармасы 7 оқушының дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) растайтын құжаттары жоқ екенін, ал 8 баланың психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) қорытындысының мерзімі өтіп кеткенін мәлімдеді. Осыған байланысты қосымша тексеріс қажет екені айтылды. Сондай-ақ, үйде оқитын балалардың жалпы саны мен олардың тұрғылықты аудандары бойынша бөлінуі туралы ұсынылған мәліметтер арасында сәйкессіздік бар екені көрсетілген.

– Бюджет қаражаты заңнама талаптарына сәйкес жұмсалады. Осыған байланысты Білім басқармасы оқушылар контингентін қалыптастыруға бастамашылық етеді. Балалар оқытусыз қалмайды. Үш шақырым радиуста орналасқан мемлекеттік мектептерде 705 бос оқушы орны бар. Басқарма әр баланың тұрғылықты жерін, оқу тілін және жеке білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, әрі қарай қай мектепте білім алатынын пысықтауға дайын. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға айрықша назар аударылатынын және мемлекеттік қаржы заңнама талаптарына сәйкес жұмсалатынын, – деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубайұлы.

Айдын Сайлаубайұлы

Ал енді алыс-жақын шетелдегі инклюзивті білім беру тәжірибесіне бір үңіліп көрейік.

АҚШ заңнамасында ең аз шектеуші орта (Least Restrictive Environment, LRE) қағидаты қолданылады. IDEA заңына сәйкес, мүмкіндігінше мүгедектігі бар балалар мүгедектігі жоқ құрдастарымен бірге білім алып, қажетті қосымша қызметтер мен қолдауға ие болуы тиіс. Баланы бөлек сыныпқа немесе жеке оқытуға ауыстыру оның қажеттіліктерін қосымша қолдау көрсетілген күннің өзінде жалпы сынып жағдайында қанағаттандыру мүмкін болмаған жағдайда ғана қарастырылады. 2023–2024 оқу жылында IDEA аясында 3 пен 21 жас аралығындағы шамамен 7,9 млн бала мен жасөспірім арнайы білім беру және қосымша қызметтер алды. Олардың басым бөлігі мүгедектігі жоқ құрдастарымен бірге білім алды. 

UNICEF мәліметінше, елде ауқымды реформа жүргізіліп, арнайы мектеп-интернаттар жабылып, ресурстар отбасыларды қолдауға және балаларды жалпы білім беретін мектептерге инклюзивті түрде оқытуға бағытталды. 2009–2021 жылдар аралығында интернаттық мекемелердегі мүгедектігі бар балалар саны 95%-ға азайған. UNICEF мәліметінше, бүгінде Молдовадағы барлық жалпы білім беретін мектептер инклюзивті білім беру жүйесіне көшкен. Бұрынғы кейбір арнайы мектептер өз қауымдастықтарындағы мүгедектігі бар балаларға қолдау көрсететін орталықтарға қайта бейімделді. 

Орталық Азия: Қырғызстан, Өзбекстан

UNICEF мәліметінше, мүгедектігі бар балалардың шамамен 30%-ы ерте көмек пен инклюзивті білім беру жүйесінен тыс қалып отыр. Сузак ауданында медицина, білім беру және әлеуметтік қызмет мамандарын біріктіретін пәнаралық команда құрылған. 2025 жылғы желтоқсанда Қырғызстанның Оқу-ағарту министрлігі мен UNICEF 2025–2029 жылдарға арналған SmartEd жобасы бойынша әріптестікті бастады. Жоба мүгедектігі бар және түрлі білім беру қажеттіліктері бар балалардың инклюзивті білім алуға мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. 

Ал Өзбекстан бойынша UNICEF мәліметінше, елде мүгедектігі бар шамамен 122,3 мың бала бар. Алайда жалпы білім беретін мектептерде олардың тек 5 999-ы оқиды. Бұл — 100 баланың бесеуінен азы. UNICEF Өзбекстанның инклюзивті білім беруді жалпы білім беретін мектептердің мүмкіндіктерін күшейту арқылы дамытып жатқанын атап өтеді. Соған қарамастан, көптеген бала білім алуға және оқу процесіне толыққанды қатысуға кедергі болатын мәселелерге әлі де тап болады. 

Қазақстандағы инклюзивті білім беру туралы нақты деректер

Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі қалыс қалып келеді деуге болмас. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел мектептерінің 95,2%-ы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдай жасаған, ал инклюзивті ортада 94 527 бала білім алып жатыр. 

Сонымен қатар, UNICEF-тің 2024 жылы жарияланған «Қазақстандағы инклюзивті білім беру туралы нақты деректер» зерттеуінде 2022 жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 12%-ы үйде оқығаны көрсетілген. Зерттеу авторлары инклюзивті модельді одан әрі дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, педагогтер мен мамандарды даярлау қажеттігін атап өтеді. UNICEF қорытынды ұсынымдарында баланың тек білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етумен шектелмей, инклюзивті ортаны, мамандарды және қолдау жүйесін дамыту қажеттігін атап көрсетеді.

Алматы бойынша жағдай қандай?

Алматы қаласы бойынша Білім басқармасының 2024 жылғы дерегіне сәйкес, қалада 4 арнайы білім беру ұйымы және 8 арнайы мектеп-интернат жұмыс істеген. Сонымен қатар, қалада 9 ПМПК және 11 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті болған. ПМПК есебінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 21 205 бала тұрған. 

Жекелеген мысал ретінде «Педагог академиясын» атауға болады. Үйде оқыту ұсынылған балалар бұған дейін ата-аналарының айтуынша, мекемеге келіп, педагогтермен сабақ оқып, басқа балалармен бірге уақыт өткізіп, құрдастарымен араласқан. Қазір ата-аналар қаржыландырудың қысқаруына байланысты оқыту форматы өзгеріп, сабақтар үйде аптасына екі рет 45 минуттан өткізілетінін айтып отыр. Ата-аналар бұл шешімге қарсылық білдіруде. Олардың пікірінше, мұндай форматта балалар тек білім беру қолдауынан ғана емес, құрдастарымен тұрақты қарым-қатынас жасап, әлеуметтену мүмкіндігінен де айырылады.

Осы жерде негізгі мәселе туындайды: егер мекемеге барып оқу балаға педагогтермен жұмыс істеуге ғана емес, құрдастарымен араласуға және әлеуметтенуге мүмкіндік берсе, баланы тек үйде оқытумен шектелу жеткілікті ме?

Перизат Жарылқасын