×
$
447.73
€
502.98
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.73
€
502.98
₽
5.35

Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі үш басшыны қызметінен босатты

Бүгін, 14:52
Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі үш басшыны қызметінен босатты
Ulysmedia.kz коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы күштері басшылығында кезекті кадрлық өзгерістер жасады. Бірден үш жоғары лауазымды әскери қызметкер қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қаныш Асанханұлы Әбубәкіров Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы лауазымынан босатылды. Ол бұған дейін армия басшылығындағы негізгі қызметтердің бірін атқарған. Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында Әбубәкіровтің бұл қызметке 2026 жылғы 17 қаңтарда тағайындалғаны көрсетілген.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің орынбасарыАлмаз Дженишевич Джумакеев те қызметінен кетті. Ол тыл және әскери инфрақұрылым мәселелеріне жауапты болған.

Қанат Серікқалиұлы Ниязбеков Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы лауазымынан босатылды. Ол Әскери-теңіз күштерін 2025 жылғы тамыздан бері басқарған.

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейінгі өзгерістер

Кадрлық шешімдер Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін қабылданды.

24 қыркүйекте ауа райы күрт бұзылып, қатты желдің салдарынан 17 әскери қызметші суға кеткен. Оның үшеуі құтқарылып, 14 адам қаза тапты.

Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қызметке салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкелу және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қорғаныс министрі де ауысты

Бұдан бірнеше күн бұрын, 27 қыркүйекте Тоқаев Дәурен Қосановты қорғаныс министрі қызметінен босатып, ведомство басшысы етіп Айдос Мырзахметовті тағайындаған еді. Қазір Қорғаныс министрлігінің ресми құрылымында ведомство басшысы ретінде Айдос Мырзахметов көрсетілген.

Қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігінің жұмысына, соның ішінде әскери бөлімдерді қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты тексеру де басталды.

Каспийде болған оқиғаның мән-жайы әлі анықталып жатыр.