×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Маралдыдағы мәміле: 6 адамның соты немен аяқталды

11.07.2024, 19:28
Маралдыдағы мәміле: 6 адамның соты немен аяқталды
Ulysmedia

Жиі митинг ұйымдастыратын Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының тұрғындары сот залынан бірақ шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қалай болды

Былтыр 8 мамыр күні жергілікті халықтың алтын өндіру фабрикасының мүлкін қиратқаны естеріңізде болар.
Салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, вахтада жүрген жұмысшылар құрылыс алаңын тастай қашқан. Техникалық құрал-саймандар қирап, біраз мүлік қолды болған.
Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, алты адам сот алдында жауап беруге мәжбүр болды. 

Сот процесі

Тергеу мәліметтері көрсеткендей, Маралды ауылының алты бірдей тұрғынының кінәсі дәлелденіп, олардың мойнына 6 млн теңгенің шығыны ілінген.
Бүгін, 11 шілде күні өткен сот отырысында екі жақ ортақ мәмілеге келді. Жауапқа тартылған азаматтар өз кінәларын мойындап, кешірім сұрады. Сот жәбірленуші тараптың өтініші бойынша алтауының да кінәсін кешірді.

Ортақ мәміле

«Құдайға шүкір, бәледен аман қалғанымызға қуаныштымыз. Фабриканың адамдары бәрін кешірді. Бүгін үйге қайтатын болды. Олардың кінәсі де жоқ. Айтаққа еріп кеткені рас, бәрін бастап жүргендер әне, үйлерінде тып-тыныш отыр. Олар WhatsApp-тағы чаттар мен TikTok-тағы әңгімелерге сеніп қалды  Біреулердің арандатуы екен, кімнің кім екені енді белгілі болды. Бәрінен шаршадық», дейді жауапқа тартылғандардың бірінің туысы болып келетін Майя Қойшыбаева.

«Сот залында  мына қарапайым ауыл тұрғындары емес, қолындағы «ұзын көсеуімен» от көсеп отырған арандатушылар мен ұйымдастырушылар отыруы керек болатын. Негізі бәріне кінәлі солар. Олар өздері қайда қазір? Біз, әрине бәрін түсінеміз. Жалған сөзге ергендерді кешіріп отырмыз. Алдағы уақытта арандатушылар анықталуы керек», дейді жәбірленуші жақтың өкілі.

Сот процесі аяқталған соң екі тарап сыртта кездесіп, бір-бірімен қол алысып, ортақ мәмілеге келді.