Жамбыл облысында мыс концентратын өндіретін ірі кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жамбыл облысында жылына 98,6 мың тонна мыс концентратын өндіруге қуатты Шатыркөл кен байыту фабрикасының техникалық іске қосылуы өтті.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевпен бірге жаңа кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктерімен танысып, аралап көрді.
Жоспар қалай еді
Мыс концентраты өндірілетін фабрика қазан айының соңына дейін толық жобалалық қуатына шығады деп көзделуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалып, техникалық тұрғыда алғашқы өнімдерін шығаруды бастады.
Жоба несімен маңызды
Ербол Қарашөкеев өңірде тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, жобаның маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бірқатар инвестициялық жоба қолға алынып, ірі өндіріс ошақтары ашылуда. Соның бірегейі, бүгін өздеріңіз көріп отырған мыс концентраты зауыты. Кәсіпорында негізінен жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр. Билік тарапынан өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетілетін болады, - деді облыс әкімі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Өңір әлеуеті
Аймақ басшысының айтуынша, Жамбыл облысында 2024-2028 жылдары аралығында құны 2,5 трлн теңге болатын 70 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 228,4 млрд теңгеге 1 432 жұмыс орнын құра отырып, 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру ойда бар. Оның ішінде 5 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асады.
Ал «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев өндірістің мүмкіндігінше қауіпсіз және экологиялық таза болатынын жеткізді.