×
$
462.22
536.5
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
462.22
536.5
5.43

Тараздағы балабақшада баланың аяғын байлап қойған: полиция тергеу бастады

Бүгін, 12:08
Тараздағы балабақшада баланың аяғын байлап қойған: полиция тергеу бастады
Видеодан алынған кадр

Таразда ерекше балаларға арналған «Нұрлы Әлем Болашақ» түзету балабақшасында болған жантүршігерлік жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бақылау камерасына түсірілген кадрлардан күндізгі ұйқы кезінде мекеме қызметкерінің баланың аяғын байлап қойғанын көруге болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не болды?

Видеода балабақшадағы күндізгі ұйқы кезі түсірілген. Мазасызданған бүлдіршіндердің бірі төсектен тұруға әрекет жасағанда, аяғы байлаулы болғандықтан еденге құлап қалады. Алайда әйел, оның тәрбиеші немесе тәрбиеші көмекшісі екені әзірше белгісіз, баланы дөрекі түрде қайтадан төсегіне жатқызады.

Бұл кадрлар әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көпшіліктің ашуын туғызды. Жамбыл облысының әкімдігі Ulysmedia.kz сауалына берген жауабында оқиғадан кейін баланың басынан жарақат алып, ауруханаға түскенін хабарлады.

– Медициналық мекемеде балаға бас жарақатына байланысты қажетті көмек көрсетіліп, жарасына тігіс салынды. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ата-анасы баланы үйіне алып кеткен. Кейін ата-анасының бірі тиісті органдарға шағым түсірді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беру және заңға сәйкес қажетті шараларды қабылдау үшін тексеру жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады облыс әкімдігі.

Әкімдік мәліметінше, сөз «Нұрлы Әлем» балабақшасы – «SUNKAR 2022» ЖШС туралы болып отыр.

Бұл балабақшадағы алғашқы келеңсіз жағдай емес

Аталған мекемеде бұған дейін де немқұрайдылыққа қатысты фактілер тіркелген. Маусым айында балабақша тәрбиеленушілерінің ыстық әрі ауасы тар бөлмеде ұсталғаны, сондай-ақ тәрбиешілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны анықталған.

Сол кезде Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті балабақша басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тартқан. 

Жамбыл облысының полиция департаменті қазіргі оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

– Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында, – деп хабарлады полиция департаменті.