Украинадағы соғыс басталғалы шамамен 666 мың адам Ресейден кетіп, әлі елге оралмаған. Бұл туралы The Bell жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресейліктер қай елдерге көшті?
Зерттеу нәтижесі бойынша, 2022 жылдан бері ресейліктер көшіп кеткен елдер арасында визасыз бағыттар көш бастап тұр: Армения (110 мың адам), Қазақстан (80 мың), Грузия (74 мың). Сондай-ақ Израильге шамамен 80 мың, ал АҚШ-қа 48 мың адамның кеткені хабарланады.
Еуропа елдерінен ресейліктер көбіне Германияға (36 мың адам), Латвияға (18 мың), Испанияға (16 мың) және Нидерландыға (12 мың) кеткен. Еуроодақтан тыс елдер арасында Сербия көш бастап тұр — ол жаққа шамамен 30 мың ресейлік көшкен.
2022 жылдың басынан бері ресейліктер көшіп кеткен тағы бір танымал бағыт Түркия болды. Алайда, оларға елде тұруға мүмкіндік беретін ықтиярхаттар созылмай, Түркиядағы өмір қиындағандықтан, олар кейінгі кездері бұл елден де кетіп жатқан көрінеді.
Сарапшылар не дейді?
The Bell мәліметтері бойынша, Ресейден кеткендердің саны жалпы халық санына шаққанда аз болғанымен (0,5%), Украинадағы соғыс басталғаннан кейінгі көші-қоны соңғы 20 жылдағы ең үлкен көрсеткішке жеткен. Бұған дейін ең ауқымды көші-қон толқыны 1992 жылдан 2004 жылға дейін болған. Ол кезде елден 1,6 миллион адам кеткен.
Сарапшылар қазіргі көші-қон толқыны Ресейдің экономикасына, демографиясына, ғылымы мен мәдениетіне әсер етеді деп санайды.
“2022 жылғы көктемде болған, қазір де жалғасып жатқан эмиграция ақыл-ойдің көшуі сипатында жүріп жатыр. Яғни, адами капиталы өте жоғары адамдар, көбіне жас кәсіби мамандар кетіп жатыр”, – деді Ұлыбританиядағы Нортумбрия университетінің демографы Салават Абылкаликов.