Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау шығындары 610 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"2023 жылы қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығындар 610 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 37,2% көп (444,5 миллиард теңге)", – делінген хабарламада.
Ең көп шығындар Ақмола облысында тіркелгені көрсетілген - 127,7 миллиард теңге. Бұл жалпы көлемнің 20,9%-ын құрайды. Одан кейін Атырау (89,1 миллиард теңге), Павлодар (59,4 миллиард теңге), Ақтөбе (51,2 миллиард теңге) облыстары тұр. Табиғатты қорғау қызметіне ең аз шығындар Жетісу облысында - 1,5 миллиард теңге тіркелген.
Шығын қайда жұмсалды?
Табиғатты қорғау шығындарының едәуір бөлігін (97,2%) өнеркәсіптік кәсіпорындар тарапы жүзеге асыратыны хабарланды.
"Табиғатты қорғау қызметінің түрлері бойынша энергия үнемдеу технологиялары мен энергия тиімділігін арттыруға (жаңартылатын энергия көздерін қоса алғанда) жұмсалған шығындар жалпы көлемнің 33,2%-ын, қалдықтармен жұмыс істеу - 21,6%-ын, атмосфералық ауаны қорғау және климаттың өзгеруі мәселелері - 20%-ын құрады", - деп жазылған хабарламада.