Nazarbayev University жанындағы Зияткерлік жүйелер және жасанды интеллект зерттеу институты (ISSAI) қазақ тілінде сөйлейтін Umay смарт-ассистентін жасап шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Umay – қазақ тілін меңгерген, цифрлық форматта жасалған виртуалды көмекші.
“Әлемдік трендтер көрсетіп отырғандай, әртүрлі чат-боттарға немесе Алиса мен Alexa сияқты ассистенттерге үйренген болсақ та, болашақта компьютерлермен қарым-қатынасымыз дәл осындай форматқа өтеді, яғни ресурстарды белсендіру үшін виртуалды аватарлармен сөйлесеміз. Біз оларды тек бизнесте, банктерде ғана емес, тіпті мысалы, ХҚО-ларда да кездестіретін боламыз”, — деді ISSAI деректерді талдаушысы Мәдина Әбдірахманова ҚазАқпаратқа берген пікірінде.
Ассистенттің мүмкіндіктері ғылым, білім, тарих, технология және медицина сияқты салалардың кең ауқымын қамтиды. Ол қазақ тілінде еркін және табиғи қарым-қатынасты жеңілдету үшін ISSAI-да жасалған озық сөйлеу технологияларын, соның ішінде автоматты сөйлеуді тану (ASR) және мәтінді сөйлеуге айналдыру (TTS) технологияларын біріктіреді.
Сонымен қатар Umay пайдаланушыларды тануға ғана емес, сонымен қатар олардың жасын, жынысын, тіпті эмоциялық жағдайын анықтай алады. Бұл жүйенің негізінде OpenAI-дің ChatGPT моделі жатыр. Ол сондай-ақ ISSAI жасаған жетілдірілген "Tilmash" нейрондық машиналық аударма моделін қолданады.