×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Қарағандыдағы өрт: зардап шеккендердің қазіргі жағдайы қалай

21.07.2024, 17:02
Қарағандыдағы өрт: зардап шеккендердің қазіргі жағдайы қалай
Виктор Федюнин/ Kazinform

Қарағанды ​​облысының денсаулық сақтау басқармасы "YDD Corporation" зауытындағы оқыс жағдайдан күйіп қалған жұмысшылардың жағдайы туралы мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ

Басқарма қазір Қарағанды ​​ферроқорытпа зауытының зардап шеккен 8 жұмысшысына медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Олардың барлығы көпсалалы ауруханада жатыр.

6 зардап шегушінің жағдайы әлі де нашар және өте ауыр халде. Тағы 2 науқас жансақтау бөлімінде жатыр.

«Науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күрес жалғасып жатыр, барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», делінген хабарламада.

КОНСИЛИУМ

Қосымша көмекке бүгін академик Н.Д.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарисов бастаған білікті дәрігерлер келді.

– Медициналық бригаданың құрамында тәжірибелі дәрігерлер – комбустиологтар мен реаниматологтар бар. Елордалық мамандар жергілікті дәрігерлер қажетті медициналық көмектің барлығын дер кезінде көрсеткенін атап өтті, деп түсіндірді Қарағанды ​​облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

КОМПАНИЯ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Сондай-ақ “YDD Corporation” компаниясы зардап шеккендердің ауруханаға жедел жәрдем көлігімен емес, қызметтік көлікпен жеткізілгеніне қатысты видеоға түсініктеме берді. Әлеуметтік желіде күйіп қалған зауыт жұмысшыларының қызметтік шағын автобуспен ауруханаға жеткізілгені туралы видео пайда болған еді.

– Зауыттың шалғай орналасуына және шұғыл көмек көрсету қажеттілігіне байланысты алғашқы медициналық көмекті өз бетінше көрсету және зардап шеккендерді зауыт аумағында орналасқан қызметтік көліктер арқылы жедел жеткізу туралы шешім қабылданды. Кезекші көлік зардап шеккендерді Мақажанов атындағы ауруханаға жеткізді. Барлық қажетті жедел және амбулаториялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар кәсіпорын қажетті медициналық көмекті көрсету үшін Ресейден ең үздік дәрігерлер тобының тез арада келуін ұйымдастырды. Алдағы уақытта Түркиядан да дәрігерлердің келуін күтіп отырмыз. Зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіліп, аурухананың медициналық қызметкерлерімен және зардап шеккендердің туыстарымен тұрақты байланыс орнатып отырмыз, деп хабарлады YDD корпорациясының баспасөз қызметі.

АНЫҚ-ҚАНЫҚ

Еске сала кетсек, бұған дейін Қарағандыдағы YDD корпорациясының ферроқорытпа зауытында сегіз адамның цехтан шыққан өрттен зардап шеккенін хабарлағанбыз.

Еңбек инспекциясы басқармасы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін комиссия құрды. Ал облыстық полиция департаменті осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.