Қазақстанға бөлшектелген түрдегі оң рульдік автомобильдерді әкелуге тыйым салуды тағы жарты жылға ұзарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құжат жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі бұйрығының жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды, жария талқылау 2 тамызға дейін жалғасады.
Рулі оң жақта орналасқан жеңіл автомобильдерді Қазақстан Республикасының аумағына бөлшектелген түрде алты ай мерзімге әкелуге тыйым салу енгізілсін, - делінген құжат жобасында.
Айта кетейік, 2007 жылдан бастап Қазақстанда рулі оң жақтағы автокөліктерді тіркеуге тыйым салынған, бірақ бұрыннан бар көліктерді пайдалануға тыйым салынбаған.
2022 жылғы желтоқсанда 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін шекарадан өткен шетелдік оң рульді автомобильдерді қазақстандық есепке қоюға болатыны белгілі болды. Шетелдік автокөліктерді жария ету рәсімі осы жылдың 1 шілдесіне дейін созылған болатын.