×
490.84
536.88
5.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
490.84
536.88
5.04

Қазақстанға еңбек мигранттарының көбі Қытайдан келеді

25.07.2024, 12:35
Қазақстанға еңбек мигранттарының көбі Қытайдан келеді
Фото: gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанға еңбек мигранттарының қай елдерден келетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КӨП МИГРАНТ КЕЛЕТІН ЕЛДЕР

Ведомство мәліметі бойынша, еңбек мигранттары негізінен мына елдерден келген:

  • Қытай – 4123 адам,
  • Өзбекстан – 1968 адам,
  • Түркия – 1152 адам,
  • Үндістан – 1114 адам.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты негізінде Қазақстан аумағында 14 049 шетел азаматы еңбек қызметін жүзеге асырып жатыр.

РҰҚСАТ БЕРІЛГЕН САНАТТАР

Шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға берілген рұқсаттар арасында келесі санаттар бар:

  • Басшылар мен олардың орынбасарларына 576 рұқсат (бірінші санат),
  • Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына 2598 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – сәйкесінше 5353 және 473 адам. Сондай-ақ, маусымдық жұмыстарға 1899 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3150 адам.

ШЕТЕЛДІК ЖҰМЫС КҮШІН ПАЙДАЛАНУШЫЛАР

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1796 жұмыс беруші бар. Оларда Қазақстан азаматтарының 436,1 мыңнан астамы жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,8% құрайды.

МИГРАНТТАР ҚАЙ САЛАЛАРДА КӨП?

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтін салалар:

  • құрылыс – 4397 адам,
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1897 адам,
  • әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету – 1592 адам,
  • тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді өңдеу – 1293 адам,
  • өңдеу өнеркәсібі – 1252 адам.

"Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың бірлік мөлшерінде белгіленген", – делінген министрлік хабарламасында.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты негізінде Қазақстан аумағында 13 937 шетел азаматы еңбек қызметін жүзеге асырған.