×
443.44
480.51
4.88
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.44
480.51
4.88

Халық қаржысын әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба - депутат футбол жайлы

17.11.2021, 11:12
Фото: Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстан футбол құрамасының Франциядан 0:8 есебімен жеңілуі жұрттың наразылығын туғызып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына 71 млрд жұмсалғаны, тек Астана клубының өзіне 15 млрд теңге бөлінгені жазылуда. Бірақ нәтиже қайда? Футбол федерациясының бас хатшысы «біз бюджеттен қаражат алмаймыз, 200 млн теңге ғана алдық» деп жауап берді. Ал жеңілістің себебі – жақсы футболшылардың тапшылығы дейді. Федерация бюджеттен көп қаражат алмаймыз дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алуда. Соңғы 3 жылда облыс әкімдіктерінің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес – 111,2 млрд теңге. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, Самұрық-Қазынадан демеушілер бөлген қаржыларды қосар болсақ, оның есебі жоқ. Өйткені ресми мәлімет жоқтың қасы», - деді Қазыбек Иса.

Депутаттың айтуынша, жақсы футболшылардың тапшы болатыны – ақшаның легионерлерге кетіп жатуының салдары. Премьер-лигадағы 371 футболшының 150-і – легионер.

«Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалуда. Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, Өзбекстан 10 стадион салған. ФИФА-да Қазақстан 125-ші орында, ал футбол бюджеті өте аз Қырғызстан 96-шы орында тұр. Бразилияға алақалайлап жіберген 78 баланың бірде-бірі қазір футбол ойнамайды. Есепсіз миллиардтарды шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ. Әлемдік лиагада ешбір клубымыз 100-дікке кірмейді. 186-шы орында Астана клубы ғана бар. Халықтың қыруар қаржысын Франциямен ойындағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба?» - деді Қазыбек Иса.

Сондықтан депутат «гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын» футболшыларға миллиардтарды босқа шашуды тоқтататын уақыт келгенін мәлім етті.

Ақ жол депутаттары осы ретте футбол клубтарының бәрін мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатуды талап етті.

Серіктес жаңалықтары