×
$
447.94
€
502.32
₽
5.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.94
€
502.32
₽
5.52

"Орталық Азияға бұрын аса мән берілмеген": кәсіпкер Рубиомен кездесуі туралы айтты

Бүгін, 17:45
"Орталық Азияға бұрын аса мән берілмеген": кәсіпкер Рубиомен кездесуі туралы айтты
Ulysmedia коллажы

АҚШ Орталық Азияға бұрынғыдан әлдеқайда көп көңіл бөле бастады. Бұған дейін бұл өңір Вашингтонның басым бағыттарының қатарында болмаған. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Өзбекстанға сапары кезінде өткен іскерлік кездесулерге қатысқан қазақстандық кәсіпкер Әсет Әбдуалиев Ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

Кремний алқабындағы Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы Әсет Әбдуалиев АҚШ-тың іскерлік делегациясы құрамына енді. Оның айтуынша, Рубиомен бірге Өзбекстанға АҚШ-тан 200-ден астам кәсіпкер мен компания өкілі барған.

Бизнеске басымдық берілді

Әбдуалиевтің айтуынша, кездесулерде елдер арасындағы бизнес пен экономикалық байланыстарды дамытуға қатысты саяси мәселелер талқыланды.

– Биыл тарихи оқиға болды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Орталық Азияға алғаш рет келді. Бұл шараға Америкадан 200-ден астам кәсіпкер қатысты. Маған АҚШ-тың іскерлік делегациясының құрамында болу бақыты бұйырды. Марко Рубио атап өткендей, олар үшін бастысы – бизнес пен іскерлік байланыстар орнату, – деді кәсіпкер.

Сапар барысында оның командасы Өзбекстандағы серіктесімен ірі келісімге де қол қойған.

Рубио Қазақстанға келуі мүмкін

Ulysmedia.kz Әсет Әбдуалиевтен Марко Рубионың Қазақстанға келу ықтималдығы туралы да сұрады. Кәсіпкер мұндай мүмкіндік бар екенін жоққа шығармады.

– Менің ойымша, бұл мәселе қазір пысықталып жатқан болуы мүмкін. АҚШ Орталық Азияға қазір өте көп көңіл бөліп отыр. Марко Рубио өз сөзінде бұған дейін Орталық Азияға аса мән берілмегенін, АҚШ үкіметінің басым бағыттарының қатарында болмағанын айтты. Қазір Америка Құрама Штаттарының біздің өңірге деген қызығушылығы артқанын көріп отырмыз, – деді ол.

Контекст

Бұған дейін Ulysmedia.kz Самарқандта өткен АҚШ делегациясымен кездесулерге қатысқан қазақстандық кәсіпкерлер туралы жазған. Олардың қатарында Fincraft Group басшысы Кеңес Рақышев, Kusto Group акционері Қанат Қопбаев және Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы Әсет Әбдуалиев болды.

АҚШ делегациясының құрамына Boeing, Citibank, Franklin Templeton, Starlink және басқа да компаниялардың өкілдері кірді. Тараптар инвестиция, энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру, көлік және цифрлық технологиялар мәселелерін талқылады.

Келіссөздер АҚШ пен Орталық Азияның бес мемлекетін біріктіретін C5+1 форматы аясында өтті.