Мамандардың есебінше, алты жылдан соң еліміздегі жетіспеушілік 13,5 млрд кВт сағатына дейін өседі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
24.KZ арнасының мәліметіне қарағанда, қазір бұны болдырмау үшін бірнеше бағытта жұмыс жүріп жатыр.
ТАПШЫЛЫҚ ҚАЙТСЕ ЖОЙЫЛАДЫ
Мәселен, жылу электр станцияларының құрылысы басталды. Бұл шара тапшылықты жоя ма? Қазір елімізде баламалы қуат көздерін пайдалануға ден қойған. Бірақ көмірден бас тарта алмаймыз. Себебі елімізде электр энергиясының 80 пайыздан астамы осы отыннан өндіріледі. Қалған жеті пайызы газдан, сегіз пайызы су көздерінен алынады. Ал атом электр станцияларының құрылысы бойынша шешім әлі қабылданған жоқ.
Көмірден бас тартпауымыз керек. Бастысы зиянды шығарындыларын азайта алсақ болды. Қазір Қытай мен Оңтүстік Африка Республикасында аз отынмен көп жылу шығара алатын заманауи станциялар салынып жатыр. Сондай-ақ экологиялық талаптарға сай қоқыс өртеу зауыттарын да салуға болады. Бұл қалдығы көп, энергия тапшы оңтүстік өңірлер үшін өте тиімді – дейді энергетикалық қауіпсіздік сарапшысы Алмаз Әбілдаев.
ҚҰРЫЛЫСЫН РЕСЕЙ ЖҮРГІЗЕДІ...
Қазір үкімет тапшылықты жылу станцияларын іске қосу арқылы жоюға тырысып жатыр. Үш жаңа нысанды Ресейлік мамандар салмақ. Жоспар бойынша құрылыс 2027 жылға дейін аяқталуы керек.
Бұл халықаралық қаржы институттарының қаражаты болғанына қарамастан бізге қазақстандық тауар өндірушілерді де жұмысқа тарту керек. Бүгінде отандық энергомашинажасау саласы жақсы деңгейде. Әрине барлық жабдықты дайындай алмайтын шығар. Бірақ қазіргі мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Ал қазақстандықтар бұл жобаның арқасында жаңа өнімдер жасауды үйренуге тиіс. Себебі, көп ұзамай тағы да жылу станциялары салынады. Немесе басқа электр станциялары қайта жабдықталуы мүмкін. Сол кезде қажеттілікті отандық өндіріс қамтамасыз ететін болады – дейді энергетик, «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры Жақып Хайрушев.
ТАПШЫЛЫҚ ҚОЛДАН ЖАСАЛЫП ОТЫР
Ал сала ардагерлері тапшылық қолдан жасалып отырғанын айтады. Қолда бар ресурстар сауатты пайдаланылса сұранысты толық қанағаттандыруға болады дейді Миржан Асрепов.
Қазақстанда маневрлі электростанциялар жетіспейді. Яғни олар керек кезде өз жүктемесін көбейтіп не азайта алатын кәсіпорындар. Сондықтан шағын және ірі гидро электр станцияларының көптеп салу керек. Бұл нысандарды Ертіс, Сырдария мен Іле өзендерінің бойында орналастыруға болады. Сонымен қатар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры бойында газ электр станцияларының құрылысын да қолға алуымыз керек. Сонда Ресейден қымбатқа энергия сатып алмаймыз – дейді ардагер энергетик.
Қазақстандағы электростанциялардың жобалық қуаты 20,4 ГВт, ал қолданыстағы қуаты 15,4 ГВт. Бұл жыл басындағы көрсеткіш. Ал тозған жабдықтардың үлесі 56%. Ел бойынша барлығы 220 электр станциясы жұмыс істеп тұр. Оның 144-і баламалы қуат көздерін қолданады.