Астана әкімдігі 8-13 қыркүйек күндері елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына байланысты оқушылар мен студенттердің жазғы каникулының ұзартылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы қала билігі Telegram-арнасында мәлімдеме жасады.
Жаңа оқу жылы (мектеп оқушылары, студенттер) штаттық режимде 1 қыркүйек күні басталады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуіне байланысты жазғы демалыс ұзартылмайды, - делінген Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
2024 жылдың 24 маусымында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына байланысты Астананың оқушылары мен студенттерінің жазғы демалысы ұзартылуы мүмкін екені айтылған болатын. Алайда араға бір ай салып, 24 шілдеде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу студенттерге ешқандай әсер етпейтінін айтты. Ол мектеп оқушылары үшін оқу жылының басын қайта қарауға болатынын айтқан еді.