Париж Олимпиадасында өнер көрсетіп, 1 алтын және 1 қола медаль алған, Елдос Сметов бастаған дзюдошылар елге оралды. Оларды Алматыдағы әуежайда жүздеген адам қарсы алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Көңіл-күй өте тамаша. Бұлай қарсы алады деп ойламадық. Ерекше ықылас, – дейді қола медаль еншілеген Ғұсман Қырғызбаев.
Оның әкесі “қатты уайымдадық, қуаныштымын, жүлде алғаннан кейін Ғұсман бірден бізге қоңырау шалды” деді.
Елдос Сметов әуежайдан көп кідірмей кетіп қалған. Ал Ғұсманды көрген азаматтар оны құрметпен қарсы алып, жеңімпазды көкке көтере қолпаштады. Журналистердің сұрағына Әбиба Әбужақынова жауап берді.
– Осылай күтіп алып жатқандарыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Медальсіз қалдым. Бұйырса, Алла жазса, биіктерге жетуге уәде беремін. Менің жақсы күресіп келе жатқаныма екі-ақ жыл болды. Аздап уақыт жетпеді. Қарсыластарым бұрыннан жүлдеген болып жүрген қыздар. 48 келіде қалам. Салмақ ауыстырмаймын. Екі аптадай демалып, қайтадан татамиге оралам. Маған бұл жарыс сынақ болды. Жеңілсем де қолдап жатыр. Бәріне көп рахмет! – деді ол.
Ғұсман Қырғызбаевқа қалталы азаматтар әуежайда көлік сыйлады.