Азаматтық авиация комитеті баланы бөтен қалада жалғыз қалдырып кеткен FlyArystan компаниясына шара қабылданатыны жөнінде ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Азаматтық авиация комитеті FlyArystan авиакомпаниясын кәмелетке толмаған жолаушыны рейске жібермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартатын болды.
– Бұл өрескел және жайсыз жағдай. Жолаушылардың құқығы әрқашан сақталуы керек, - деп хабарлады комитет.
Тексеру
FlyArystan әуе компаниясына қатысты мұқият және жан-жақты тексеру жүргізілетіні хабарланды
– Барлық кінәлі тұлғалар міндетті түрде жауапқа тартылады, - деп сендірді ведомстводан.
Бұған дейін Орал тұрғыны Жазира Мусина FlyArystan әуе компаниясы өзінің егіз баласын бір-бірінен ажыратып, бөтен қалада қараусыз қалдырғанын жазған еді.
2024 жылғы 20 шілдеде Жазираның Зере мен Зәуре есімді балалары АҚШ-тан Оралға бір топ балаларымен бірге сенімді адамның бірге жүруімен елге оралған. Астанада FlyArystan қызметкерлері Зәурені рейске тіркеп, оның әпкесі Зерені тіркеуден бас тартқан. Әуе компаниясының өкілдері ілесіп жүрушіні туындаған техникалық ақаулар жойылғаннан кейін баланы бортқа отырғызады деп сендірген. Алайда ұшақ Оралға Зересіз ұшып, қыз бала Астана әуежайында жалғыз қалған.
FlyArystan әуе компаниясы қатені мойындап, болған жағдай үшін кешірім сұрады.