Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті ұшақтардың жиі кешігуіне байланысты Air Astana мен FlyArystan компанияларына жоспардан тыс тексеру жүргізілетін болды, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
ҰШАҚТЫҢ КЕШІГУІ, ҰШУДЫҢ ТОҚТАТЫЛУЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ
Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Air Astana АҚ мен FlyArystan АҚ-ның техникалық себептер бойынша рейстерді кешіктіру жағдайларының көбеюіне, сондай-ақ жолаушылардың құқықтарын сақтауға қатысты көптеген шағымдарға байланысты ұшулардың тоқтатылуы, кешігуі және тиісті қызметтерді көрсетпеу себептерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация туралы заңнамасының талаптарын бұзуға байланысты басқа да жағдайларды анықтау үшін комиссия құрды, — деп хабарлады комитет.
Сонымен қатар, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директорының бұйрығымен Air Astana АҚ мен FlyArystan АҚ-на жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ
Комиссия жұмысының және жоспардан тыс тексерудің нәтижелері қосымша хабарланады.
Еске сала кетсек, осы соңғы екі айда Fly Arystan компаниясына қатысты келеңсіз оқиғалар болған еді. Атап айтқанда, компанияға 11 шілдеде Алматы-Қарағанды рейсінің жолаушыларын қонақ үйге орналастырмай, оларға трансфер ұйымдастырмағаны үшін 3 692 000 теңге айыппұл салынды. Одан кейін FlyArystan авиакомпаниясы кәмелетке толмаған жолаушыны рейске жібермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жақында компания тағы айыппұл төледі. Бұл жолы FlyArystan-ға Алматы – Астана бағыты бойынша рейс кешіктірілген кезде қызметтерді ұсынбауға байланысты (жолаушылар қонақүйге орналастырылмаған, жолаушыларды әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай трансфер ұйымдастырылмаған) Әкімшілік кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Осы аптада FlyArystan әуе компаниясының басшысы Ричард Леджер 21 шілдеде «Астана-Орал» рейсіне жіберілмеген 12 жастағы қыздың анасы Жазира Мусинамен кездесіп, отбасыдан кешірім сұрады.