×
$
446.56
512.34
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
446.56
512.34
5.3

«Мызғымас қалқан болмайды»: экс-депутат Болатбек Әлиев Bek Air ісі туралы айтты

Бүгін, 11:49
«Мызғымас қалқан болмайды»: экс-депутат Болатбек Әлиев Bek Air ісі туралы айтты
Ulysmedia.kz

Бұрынғы депутат Болатбек Әлиев жоғалған авиациялық қозғалтқыштарға қатысты қылмыстық іс жөнінде пікір білдірді. Алдын ала мәлімет бойынша, сол қозғалтқыштардың бірі 2019 жылы апатқа ұшыраған Bek Air ұшағына орнатылған болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Жаңа тергеу басталған тұста Әлиев 2019 жылғы апаттан кейін Bek Air компаниясына қатысты көтерген сауалдарын қайта еске салды.

- Жолаушы тасымалдайтын осындай күрделі ұшақ аккредиттелген сервистік орталықсыз қалай техникалық қызметтен өте алады? Авиациялық техниканы қарапайым шеберханада жөндей салуға болмайды, - деп жазды бұрынғы депутат.

Әлиевтің айтуынша, жоғалған қозғалтқыштың апатқа ұшыраған ұшақта пайдаланылғаны расталса, оның қайдан келгенін кім рәсімдегенін, пайдалануға жарамды деп кім танығанын және ұшақты әуеге көтерілуге кім жібергенін анықтау қажет.

- Азаматтық авиация комитеті мен сол кездегі басшылығы мұны білуге тиіс еді. Егер біліп тұрып көз жұмса, бұл - бір мәселе. Ал мүлде білмесе - мемлекеттік бақылаудың дәл сондай үлкен олқылығы. Нақты кімнің кінәлі екенін сот анықтайды. Бірақ менің сол кезде қойған сұрақтарым бекер болмағаны көрініп тұр. Арқасүйер адам жауапкершілікті біраз уақытқа кейінге шегеруі мүмкін. Бірақ одан біржола құтылып кету мүмкін емес, - деп жазды Әлиев.

Bek Air ұшағы

Еске салайық, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы Алматы - Астана бағыты бойынша рейс орындаған. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай биіктігін жоғалтып, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, ғимаратқа соғылған. Апат салдарынан адамдар қаза тапты.

2025 жылғы қарашада сот қаза тапқан ұшқыштар Марат Мұртабаев пен Мейіржан Молдақұловты кінәлі деп таныды.

Жуырда Алматы әуежайының аумағында сақталған Fokker 100 ұшағына арналған екі қозғалтқыштың жоғалуына байланысты жаңа қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. БАҚ мәліметінше, жоғалған қозғалтқыштардың бірі 2019 жылы апатқа ұшыраған Bek Air ұшағына орнатылған болуы мүмкін.

Істі бастапқыда Көліктегі полиция департаменті тергеген. Кейін материалдар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық аппаратына берілді.

Тергеу аясында Bek Air компаниясының іс жүзіндегі иесі Нұрлан Жұмасұлтанов та тексеріліп жатыр.

Бас көлік прокуратурасы Ulysmedia.kz басылымына істі ҰҚК тергеп жатқанын растады. Алайда тергеу құпиясына байланысты өзге мәлімет жарияламады.