Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің ұшқышсыз ұшу аппараттары Молдова арқылы ұшқан кезде оның ұшағына екі рет шабуыл жасауға тырысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бұл туралы ол CBS News телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Зеленскийдің сөзінше, оның президенттік ұшағы Молдовада болған кезде ел аумағына дрон жіберілген.
— Менің президенттік ұшағым Молдовада болды, сондықтан олар бұл елге шабуыл жасады. Біз үйге қайтып келе жатқанда Кишинев арқылы тағы ұштық, олар дәл сол әрекетті қайталады, — деді ол.
Бірінші жағдай
Алғашқы оқиға, қолда бар мәлімет бойынша, 8 қыркүйекте болған. Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стере бұған дейін Зеленскийдің Ослоға бет алған ұшағын дрон «сәл жерден қалмай» атып түсіре жаздағанын айтқан.
Кейін Украина президенті кеңсесіндегі дереккөз AFP агенттігіне Ресейдің дроны Молдова мен Румынияның әуе кеңістігіне кіргенін растаған. Алайда ол Зеленскийге тікелей қауіп төнді деген мәлімдемелерді «асыра айтылған» деп атаған.
Екінші жағдай
Бірнеше күннен кейін Зеленский Киевке Кишинев арқылы қайтып келе жатқан кезде бір немесе екі ресейлік дрон Молдованың әуе кеңістігіне қайта кірген.
Бұл жағдай бұған дейін көпшілікке жарияланбаған.
Тағы бір оқиға
CBS News-ке берген сұхбатында Зеленский «Герань» дрондарымен Киев — Варшава теміржол желісіне жасалған соққыға да түсінік берді.
Оның пікірінше, Ресей қолбасшылығы бұл бағытта саясаткерлерден құралған үлкен делегациясы бар пойыздың келе жатқанын білген. Сондықтан теміржолға жақын нысанаға соққы жасаған.
Зеленский сондай-ақ жолаушылар арасында америкалықтар болғанын мәлімдеді. Бұған дейін БАҚ делегация құрамында тек еуропалық шенеуніктер болғанын хабарлаған.