Сот оқушы қызды Қызылордада жезөкшелікке мәжбүрлеу ісі бойынша жасөспірімдерді қамауға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соттың хабарламасы
Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша кәмелетке толмаған күдіктілер Қ. А. және М.-ге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы тергеушінің өтінішхаты Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотына түскен. Сот қаулысымен тергеушінің өтінішхаты қанағаттандырылмай, кәмелетке толмаған күдіктілерге 2 ай мерзімге «үй қамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
– Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілеріне жәбірленушінің өкілінен келіп түскен шағымдарды қарады. Күдіктілердің жасаған әрекеттерінің ауырлық дәрежесін ескерді. Күдіктілерді сот ісін жүргізуге кедергі жасап, тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болғанын ескере отырып, шағымды қанағаттандырып, тергеу сотының қаулыларын өзгертті. Күдіктілерге 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарды, – деп хабарлайды Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қызылордадағы шулы оқиға
Әуелі бұл оқиға жөнінде телеграм-арналар ақпарат таратқан еді. Бейресми мәлімет көздері Қызылордада 16 жастағы оқушы қызды сыныптастары азаптап, жезөкшелікке мәжбүрлегенін жазған. Ulysmedia.kz тілшісі Қызылорда облысының полиция департаментіне хабарласып ақпарат алды.
– Қызылорда полициясымен аталған дерек бойынша күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді, – деген жауап келді департаменттен.
Сонымен қатар, департамент сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін ұсталғандар кінәсіз деп саналатынын ескертеді.