Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Қайрат Сатыбалдыұлының кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімінің шарттарын орындау бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
50 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ АКТИВІ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Бұл активтердің жалпы сомасы бағалауды ескергенде, 50 млрд теңгеден асады.
Қазіргі таңда 18 млрд теңгеге активтер тәркіленді.
Олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар.
Сатыбалдыұлынан тінту кезінде алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды.
Сонымен қатар жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар (көлемі 174 атау бар) мемлекетке қайтарылды.
ШЕТЕЛДЕГІ МҮЛІКТІҢ ЕСЕБІ ЖОҚ
Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 млн теңге болатын Rolls-Royce Cullinan мен Aston Martin маркалы көліктер түріндегі активтер қайтарылды.
Жалпы сомасы 33 млрд теңге болатын Қ.Сатыбалдыұлы мен оның жақындарына тиесілі шетелдік мүліктің тапсырылуы аяқталу сатысында.
Оның ішінде Дубай қаласындағы құны 20 млрд теңге тұратын екі бағалы вилла, Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер, құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік, құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум мен Ыстанбұл қалаларындағы екі элиталық вилла мен пәтер бар.
Басқа істерді ескере отырып, Қ.Сатыбалдыұлы 2,5 жылда мемлекетке 783 млрд теңгеге активтерді қайтарды.
Бұған дейін хабарланғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көптеген сұрауларына байланысты Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша одан тәркіленген дүние-мүлкінің тізімін жариялады.