×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақ баласы Бурабай өзенін бір қол, бір аяқсыз жүзіп өтті (ВИДЕО)

Қазақ баласы Бурабай өзенін бір қол, бір аяқсыз жүзіп өтті (ВИДЕО)
instagram.com/aknazar.mutalip/

Әлеуметтік желіде бір қолы мен аяғынан айырылған Ақназар Мүтәліп деген қазақ жігітінің Бурабай өзенінің о шеті мен бұ шетін еркін жүзіп өткен видеосы тарады, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Ақназардың видеосы тез таралып, көпшілікті тәнті етті. Ол бір қолы мен аяғынан айырылса да 2,5 шақырымды шаршамай, шалдықпай, 1 сағат 25 минутта еркін жүзіп өтті. Мұны шынында да ерлік деуге болады.

АҚНАЗАР МҮТӘЛІП ТУРАЛЫ БІР МӘЛІМЕТ

Ақназар Мүтәліп 2018 жылы 5 сәуірде  бір аяғы мен бір қолынан айырылған екен. Сол кезде ол өмірден түңіліп кете жаздағанда оның жанынан отбасы мен жақын адамдары табылып, моральдық тұрғыда демеу беріп, көп көмектесіпті. Қазір ол сол жағдайды еске алғанда отбасы мен ет-бауыр жақын адамдарын аузынан тастамай, ризашылығын білдіріп отырады.

Мен бір аяғым мен қолымнан айырылғаннан кейін біраз уақыт өз-өзіме келе алмай жүрдім. Жасыратын ештеңесі жоқ, өмірден түңіліп те кете жаздадым. Өйткені, ешқашан мүгедек болып қаламын деп ойлаған емеспін ғой. Сол кезде маған отбасы мен туыстарым көп көмектесті. Не істерімді білмей жүрдім. Содан кейін бір кезде суға жүзуді ермек етіп, осыны көрейінші деп жаттыға бастадым, - дейді Ақназар.

2019 ЖЫЛЫ АЛҒАШ РЕТ БІР АЯҚ, БІР ҚОЛСЫЗ ЖҮЗЕ БАСТАДЫ

Ол алғаш рет 2019 жылы Балқаш көлінде суға жүзіп көріпті. Сонда аздап қобалжып, суға батып кетемін бе деп те ойлаған екен. Бірақ уақыт өте келе бір қол мен аяқсыз жүзуге де бойы үйреніп, спорттың осы түрімен шындап кірісе бастапты.

Иә, жасыратыны жоқ, алғаш кезде мен қорықтым. Қалай дегенмен де қиын емес пе?! Сол кезде мен өзімді қайрап, іштей «Ақназар берілме, сенің қолыңнан бәрі келеді. Сен жүзе аласың», деп өзіме сенімімді оятқым келді. Соның нәтижесі болар, қазір кез келген жерді еркін жүзіп кете аламын. Оның мысалы, өздеріңіз көріп отырғандай, мына Бурабай өзенін жүзіп өткенім, - деді ол.

Осы жерде бір айта кететін нәрсе, Ақназар Мүтәліп биыл 400 метрге еркін жүзуден Қазақстан чемпионы атаныпты. Ал мамыр айында Бурабай өзенінің о шеті мен бұ шетін жүзіп өтуді мақсат етіпті. Сол мақсатына 6 тамызда жетті.  Ол 2,5 шақырымды шаршамай, шалдықпай, 1 сағат 25 минутта еркін жүзіп өтті.

Биыл жазда британдық саяхатшы Карл Бушби Каспий теңізі арқылы Қазақстаннан Әзербайжанға дейін 300 шақырымды жүзіп өтуді жоспарлап отырғанын айтып еді. Оның қашан жүзіп өтетіні әзірше белгісіз.