Бесландағы қайғылы жағдайға 20 жыл толды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
“Азаттық радиосының” хабарлауынша, 20 жыл бұрын қыркүйектің алғашқы үш күні Бесланда Ресейдің бүгінгі тарихындағы ең ауыр теракт болды. 2004 жылғы 1 қыркүйекте бір топ террорист №1 мектепті басып алды. 1100-ден астам адам кепілге алынды. Олардың арасында оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер болды. Қаза тапқандардың туыстары, соның ішінде "Беслан аналары" ұйымы әлі күнге дейін Ресейден болған жағдайды тергеуді талап етіп келеді.
2004 жылғы 1 қыркүйекте Бесландағы №1 мектептің алаңында алғашқы қоңырау шарасы өтіп жатқан. Білім күнінен орай өткен шараға 1200 адам келген. Соның 1128-і кепілге алынды. Көбі – бала. Мектепті басып алуды кейінірек өз мойнына шешеннің дала командирі Шәміл Басаев алды. Шабуылдаушылар Ресей әскерін Шешенстаннан алып кетуді талап етті.
Лаңкестер кепілге алынғандарды мектепте үш күн ұстады. Көбі миналанған спорт залында болды. 3 қыркүйекте құқық қорғау органдары мектепті күшпен алу операциясын бастады. Теракті мен биліктің операциясы кезінде 334 адам қаза тапты. Оның ішінде 186 бала болды. Жарақат алғандар саны 800-ден асты.
ТЕРГЕУ ӘЛІ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ
Қылмыстық іс 2004 жылғы 1 қыркүйекте қозғалған. 2005 жылы "Беслан аналары" комитетінің жетекшісі Сусанна Дудаева тергеу жайлы сөзінде Владимир Путин теракт құрбандарының туыстарына тергеуді аяқтауға ықпал ететінін айтқан деді.
"Президент бізді қолынан келгеннің бәрін жасаймын деп сендірді. Адамдар шындықты білуі үшін, кінәлілер жазасын алуы үшін бәрі жасаймын деді. Ол мұндай жағдай қайталанбас үшін шындық қандай болса да мәлім болғанын қалайтынын айтты" деген еді сол кезде Дудиева.
Алайда 20 жыл өтсе де, тергеу әлі аяқталған жоқ. "Новая газета" басылымының жазуынша, билік жапа шеккендердің іс материалдарымен танысқанын қаламайды, тергеудің аяқталмай жатқанының себебі сол. Тергеу аяқталмайынша, іс материалдары құпия болып қала береді.