Әнсүйер жұртшылыққа танымал «Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің әншісі Нұрлан Әміров соңғы уақыттарда қатты қиналғанын айтып, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Белім сынып, арбаға отырып қалдым»
Халыққа «Жұлдызым» әнінің клипі ұнады. Өмірден алынған оқиға. Продюсеріміздің досының басынан өткен жағдай екен. Сол желі бойынша түсірдік. Ол жігіт қазір қызымен жап-жақсы өмір сүріп жатыр екен. Қызы үлкен болып қалған. Кейде бізге сол әннің тарихы тиіп кетті ме деп те ойлап қаламын. Мен де қатты ауырып, белім сынып, арбаға отырып қалған кезім болды, – деді әнші YouTube-арналарының біріне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Мұрат та белгісіз дертпен күрескен.
«Әннің тағдырын өзіміз сезініп көрдік»
Үш-төрт жылдай қатты қиналдым. Сол кезде достарымның бәрін жоғалтып алдым, ішімдікке жақын адамдар айналама жинала бастады, ішіп кеттім. Өнер жайына қалды. Сондай жағдай бастан өтті. Мұрат та белгісіз дертпен күресті. Екі жылдай ауырып қалды. Әннің тағдырын өзіміз сезініп көрдік. Біздің дүрілдеген кезіміз қайда қалды деп қатты ойландық. Сол кездегі достарымыз қазір жағдай сұрасып қана қоямыз. Бұрынғыдай араласпаймыз, – деді Нұрлан Әміров.