Алматыда шетелдік туристке жол ақысын асыра көтерген такси жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Полицияның мәліметі
Алматы қаласының полиция департаменті шетел туристіне жол жүру ақысын артық төлеткен таксистті ұстағанын хабарлады. Құзырлы органның мәліметінше, полиция қызметкерлері, әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, Үндістаннан келген туристке жол жүру ақысын артық төлеткен 27 жастағы жігітті ұстаған. Тексеру барысында азаматтың тиісті құжаттарынсыз жеке тасымалдаумен айналысқаны, өз қызметін азаматтардың мазасын ала отыра ұсынғаны, сондай-ақ оны ұстау кезінде полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамағаны анықталған.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Такси жүргізушісі кімді алдады
Айта кетейік, оқиға Алматы әуежайында болған. Үндістаннан келген саяхатшы блогер Комал Махешваридің айтуынша, таксиші келісілгеннен ақшадан әлдеқайда көп сома талап еткен. Атап айтқанда, таксиші мың теңгеге апарам деп алдап, туристі жетер жерге жеткізгеннен кейін 77 мың теңге төлеуді талап еткен. Екеуі ақыры 30 мың теңгеге келісіп тарасқан. Блогер кейін ол жайлы әлеуметтік желіге видео қалдырған.