Қазақстандықтар енді алдағы оқу жылына арналған жаңа оқулықтардың жобаларын талқылай алады. Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды пысықтау кезінде ата-аналардан, мұғалімдерден және мүдделі азаматтардан түскен барлық ескерту ескерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрлік мәлімдемесі
2025-2026 оқу жылы қолданысқа енгізілетін 4-сыныптарға арналған оқулықтар қоғамдық талқылауға шығарылды. Ол үшін білім мазмұнын сараптау орталығының bmso.kz сайтындағы "Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау" бөліміне өту керек, – деді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Талқылауға мұғалімдер, ата-аналар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мектеп оқулықтарының сапасына бей-жай қарамайтын барлық азаматтар қатыса алады.
Сайтта келесі пәндер бойынша оқулықтардың мазмұнымен танысуға болады: "Орыс тілі" (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептер үшін); "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", Шет тілдері (ағылшын, неміс, француз), сондай-ақ "Цифрлық сауаттылық" бойынша электронды оқулық нұсқалары. Талқылау 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Оқулықтар бірнеше өңірде сынақтан өткізіліп жатыр
Атап өту керек, қолданыстағы заңнама бойынша бүгінде оқулықтар сараптаманың бес кезеңінен өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, оқулықтарды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу, қоғамдық-педагогикалық талқылау, пәндік сарапталық комиссияның қарауы. Қазіргі уақытта аталған оқулықтар қоғамдық талқылаумен қатар, еліміздің бірнеше өңірінде 31 пилоттық мектепте сынақтан өткізіліп жатыр.
Ғылыми-педагогикалық сараптамаға ғалымдар мен біліктілік санаты "зерттеуші педагогтен" төмен емес практик-мұғалімдер тартылады. Сарапшылар арнайы оқу курсынан өтіп, сарапшы сертификатын алған және республикалық сарапшылар базасына енген. Осындай жоғары талаптар сынақ және пәндік сарапталық комиссия қатысушыларына да қойылады. Пәндік сараптама комиссиясының шешімімен сараптаманың барлық кезеңдерінен өткен оқулықтар мектептерде пайдалану үшін және оқу-ағарту министрлігі бекітетін оқулықтар тізбесіне енгізу үшін ұсынылатын болады, – делінген ведомство хабарламасында.