Еліміздің интернет-дүкендерінде Украинаның оккупациядағы аумағын Ресейдің жері етіп көрсеткен глобустар сатылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы саясаттанушы Асхат Қасенғали өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Ол Қазақстанның мемлекеттік ұстанымына сәйкес келмейтін дүниелер елімізде сатылмауы тиіс деген пікірін білдірді. Сондай-ақ ол тауар сатушысына да, Kaspi bank-ке де хат жолдап, мұндай тауарды сатылымнан алып тастау керектігі мәселесін алға тартып отыр.
“Бүгін глобус алайық деп, “Kaspi.kz” қосымшасы арқылы тапсырыс берген едік. Тапсырған тауарымыз жылдам арада келгенімен бір мәселе болып тұр. Глобуста Украинаның оккупациядағы аймақтарын Ресейдің территориясы ретінде көрсетіпті. Яғни Донецк, Луганск, Қырымды Ресейдің аумағы етіп белгілеген, дейді сасясаттанушы.
Және де А.Қасенғали бұны Қазақстанның ресми позициясына да, ел халқының да позициясына еш сәйкес келмейтін нәрсе деп санайды.
Сондай-ақ ол 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербург форумында Луганск, Донецк сепаратистері құрған квазимемлекеттік құрылымды Ресейдің жері деп мойындамайтын мәлімдемесін алға тартып отыр.
“Қазақстан Қырымның аннексияланған аймағын да Ресейдің жері деп мойындаған емес. Сондықтан мұндай өнімдерді, Қазақстан халқының, билігінің позициясына сәйкес келмейтін өнімдерді сату – өрескел заң бұзушылық. Бұл – бір.
Екінші жағынан, дәл осындай глобусты қаншама оқушы пайдаланып жатыр, қаншама оқу орындары алды. Ол жайлы нақты ақпарат жоқ. Ешкім де оны білмейтін шығар. Бірақ бұл идеологиялық, саяси тұрғыдан өте өрескел бұрмалаушылық,” деген саясаттанушы мұндай глобустарды сатылымнан алып тастау керектігі жөнінде мәселе көтерді.
Ол тауарды сатқан дүкенге де, Kaspi bank-ке де хат жолдап, тауарды міндетті түрде кері қайтаратынын жеткізген. Ол туралы өтініш те толтырып, жіберіпті.