×
484.11
528.79
5.03
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
484.11
528.79
5.03

Ербаянды қан-қан күйде әжетханадан әкеткен кезде ізінше сержант белдік ұстап шыққан – адвокат

17.09.2024, 13:48
Ербаянды қан-қан күйде әжетханадан әкеткен кезде ізінше сержант белдік ұстап шыққан – адвокат
Коллаж: ulysmedia.kz.

Әскерде жараланған Ербаян Мұхтардың әкесі мен шешесі, адвокаты Инга Иманбай Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткізді. Заңгер Инга Иманбай Ербаянның ісі қазір мүлде жүрмей тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ИНГА ИМАНБАЙ НЕ ДЕЙДІ

Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева қазір Еуропаға алып кетейін десе ұлының денсаулығы келмей тұрғанын, оған қоса құжат жұмыстары шешілмей жатқанын айтады. Ол сондай-ақ “Ербаян бұрын гайморитпен ауырған, өкпесі қабынған” деп мәлімдеген Ұлттық гвардия бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетовтың сөзімен келіспейді. Адвокат Иманбай Үмбетовтың бұл сөзін ең азы этикаға қайшы деп, сот болмай жатып мұндай мәлімдеме жасау өте орайсыз болғанын атап өтеді.

– Осыған дейін журналист Дина Төлепбергенге медсарапшы Тахир Халимназаровтың берген сұхбатын көрдім. Ол соңғы медициналық сараптама болмаса да, “ер азамат өзінің бойынан өзі құлағаннан баста соншалықты жарақат болуы мүмкін емес” деп айтып отыр. Сондықтан, біз медициналық сарапшы, тергеуші емеспіз. Дәл қазір осындай болды деп айта алмаймыз. Үш ай бұрын мен іске кіріскен кезде іс “әскерилердің ішкі тексерісі нәтижесінде бала өзі құлады” деген болжаммен жабылып тұрды, – дейді Инга Иманбай.

Адвокат түнгі сағат екіде дәретханада 7-8 әскери адам болғанын айтады.

– Видеокамераларды ата-анасы көрді. Маған тергеуші әлі ол видеокадрларды көрсетпей отыр. Ішінде бір сержант, тағы бір әскери отырады. Сарбаздар бір-екі минут сайын әжетханаға кіреді, шығады. Кейбірі мұрнынан қан ағып, басып шығады. Ербаянға қатысты жағдай орын алғаннан кейін Ербаянды қан-қан күйінде сол әжетханадан шығарып алып кеткеннен кейін неге екені белгісіз бір сержант қолында белдікпен шығады сол жерден. Ең болмағанда осы видеокадрлардың бәрін көре тұрып, Ербаянға қатысты медициналық жарақаттардың бәрін көре тұра әскерилердің істі “өзі құлады” деп тоқтатып тастағаны бізге күмән ұялатады. Қоғамға да! – дейді ол.

Инга Иманбай алғашқы істі тоқтату себептері ақылға тоқтамсыз дейді. Тергеу жүрмей жатқанына наразылық білдіреді. 

САРБАЗ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Ербаян  Мұхтарұлы 22 жаста. Отбасында 4 баланың үлкені. Әскерге өзі сұранып барған. Бірнеше айдан кейін комаға түсіп, ауруханаға жеткізілген. Әскерге кетпес бұрын жас жігіттің дені сау болған, спортпен шұғылданған.

ЕРБАЯННЫҢ ЕМІНЕ ХАЛЫҚ ҚАРАЖАТ ЖИНАП ЖАТЫР

Желіде тараған Ербаянның емхана керуетіндегі суреті адамның жанын түршіктіреді. Күннен күнге солып бара жатқан сарбазға бас сүйегі ауыр зақымданған, маңдай мен самайдан тиген қатты соққыдан миы ісіп кеткен, қарақұсы сынған деген диагноздар қойылып отыр. Сарбаз шұғыл Түркиядағы клиникалардың бірінде емделуі керек. Оған шамамен 30 млн теңге қаражат керек.  Мамандар науқас клиникада кем дегенде 3 ай емделмесе беті бері қарамайтынын айтады. Осы мақсатта Ербаянның еміне халықтан қаражат жиналып жатыр. Ол үшін арнайы Instagram парақша ашылған.