Батыс Қазақстан облысында «Қаладан ауылға» бағдарламасы жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бағдарлама Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске қосылған.
Жобаның мақсаты – қара шаңырақтың түтінін қайта жаңғырту, ауылдарымызды иесіз қалдырмау және ауылды гүлдендіру.
2024 жылдың басынан бері БҚО-ның ауылдарына «Қаладан ауылға» бағдарламасы бойынша 66 отбасы, яғни 322 адам көшіп келген.
Ауылға келген тұрғындар баспаналы болып, жұмыспен қамтылуда.
Аят Сисенов есімді азамат бірталай жыл Алматыда пәтер жалдап тұрған. Табысының бәрі пәтерінен аспайтын. Енді ол Казталов ауданы Жаңатаң ауылына Қаладан ауылға бағдарламасы арқылы көшіп, тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жұмысқа да орналасты.
«Қаладан ауылға» бағдарламасы үшін алғыс айтамыз. Қалада жүргенімізде жұмыс бірде таба алмай қиындық көрдік. Енді міне осы Қаладан ауылға бағдарламасының арқасында ауылға қоныс аударып, үйлі болдық.. Президентке рақмет, халыққа осындай жағдай жасап жатқанына, - деді ол.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев «Қаладан ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға көшіп барамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау шаралары жалғасатынын айтты.
2024 жылы ауылдарда үй кезегінде тұрған азаматтарға салынып жатқан 758 үйдің 312-сі табысталды. Қалған үйлер жыл соңына дейін беріледі.