×
$
441.77
€
502.38
₽
5.23
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.77
€
502.38
₽
5.23

Петропавл тұрғындары ауладағы құрылысқа қарсы шықты

Бүгін, 10:50
Петропавл тұрғындары ауладағы құрылысқа қарсы шықты
freepik

Петропавл тұрғындары өз аулаларына құрылыс салуға қарсы шықты. Олардың айтуынша, астаналық компания аумақты қоршап, тұрғын үйлердің дәл ортасына көпқабатты тұрғын үй кешенін салмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жанжал Сүтюшин көшесі, 18 мекенжайында туындаған. Астанадан келген «АБК Проект» компаниясының өкілдері көпқабатты үйлердің ауласына келіп, қоршау орнатып, бұл аумақтың жеке меншік екенін мәлімдеген. Тұрғындар құрылыс жоспары туралы жұмыс басталған кезде ғана білген.

– Келіп, қоршап тастады, тор орнатты, «бұл жеке аумақ» деді. Бізбен ешкім келіскен жоқ. Тұрғындар, пәтер иелері жиналды – бәрі қарсы, – дейді жергілікті тұрғындар.

Олардың сөзінше, компания жерді сатып алу-сату шарттары мен қаулыны көрсеткен. Құжаттарға қарағанда, аула орнына тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр.

– Құжаттармен танысуға мүмкіндік берді. Сөйтсек, астаналық компания біздің ауламызға тұрғын үй кешенін салмақ. Бірақ оны салатын орын бұл жерде жоқ, – дейді тұрғындар.

Бұған дейін де болған?

Бұл аула тұрғындары мұндай жағдайды алғаш рет көріп отырған жоқ. Шамамен жеті-сегіз жыл бұрын мұнда осыған ұқсас жоба ұсынылған.

Ол кезде жерасты гаражы бар жеті қабатты үй салу жоспарланған. Үйге үш жақтан кіреберіс қарастырылып, кіреберістердің бірі газгольдерге тым жақын орналасуға тиіс болған.

– Ол кезде мен ПИК төрайымы едім. Әр адамға қанша жер тиесілі болуы керек, қанша жасыл желек, көлік тұрағы мен балалар алаңына қанша орын қарастырылуы тиіс – бәрін есептеп шықтым. Барлық есеп пен хатты облыстық прокуратураға апардым, – деп еске алады тұрғындардың бірі.

Сол жолы прокуратура тұрғындардың уәжін қолдаған. Тексеру барысында жердің заңсыз сатылғаны анықталып, мәміле күшін жойған. Құрылыс тоқтатылған.

Қазір тұрғындар тағы да райынан қайтпауға бекініп отыр. Бұл аулада 600 пәтер бар, ал пәтер иелері құрылысқа бірауыздан қарсы.

– Мұны жайдан-жай қалдырмаймыз. Прокуратураға да, сотқа да жүгінеміз. Өз ауламыз үшін күресеміз, – дейді петропавлдықтар.

Контекст

Тығыз құрылыс мәселесі Петропавл үшін әлі де өзекті.

Бұған дейін экологтар Береке шағынауданын салу үшін Сенное көлін көміп тастау жоспарын екі жыл бойы тоқтатуға шақырған еді.

Петропавл ботаникалық бағының директоры Артур Рязапов көл экожүйесінің жойылуы орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін ескерткен.

Ал маңайда бұрыннан тұратын тұрғындар аумақтың батпақтануы мен ылғалға шағымданған.