×
483.23
534.74
5.12
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
483.23
534.74
5.12

Полицейлердің айлығы өсе ме – ІІМ вице-министрі жауап берді

19.09.2024, 12:33
Полицейлердің айлығы өсе ме – ІІМ вице-министрі жауап берді
скриншот

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха полиция қызметкерлерінің айлығы өсе ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ВИЦЕ-МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

– Бұл сұрақ өте маңызды әрі салмақты. Біздің қызметкерлердің әлеуметтік тұрғыда қамтылуы бағытында жұмысты әрдайым жүргізіп келеміз. Әрине, біздің қатарда қызметкерлер өте көп. Сондықтан, біздің әріптестердің (басқа министрліктегілердің) айлығын көтеру мәселесі айтылған кезде полициядан қарағанда басқалардыкін көтеру оңайырақ. Бірақ қазір Ұлттық экономика министрлігі тиісті ұсыныстарды әзірледі. 1 қаңтардан бастап қызметкерлеріміздің –оперативті емес қызметтегілердің айлығы оперативті қызметкерлердің айлығы деңгейіне дейін жеткізіледі. Есепті көрдім, айлық біршама көтеріледі, – дейді Лепеха Сенат кулуарында.  

СІЗДІҢ АЙЛЫҒЫҢЫЗ ҚАНША

Ulysmedia.kz тілшісі Игорь Лепеханың өзінің және қарапайым учаскелік полиция қызметкерінің айлығы қанша екенін сұрап көрген. Лепеха Сенатта бүгін күн тәртібінде көтерілген мәселе жөнінде сөз сөйлеуді өтінді. 

– Қарапайым учаскелік полиция қызметкерінің айлығы қазір жақсы. Бүгінгі таңда қарапайым учаскелік инспектор – ең көп айлық алатын лауазым. Өкінішке қарай, учаскелік инспекторлар облыстық бөлімшелерге, тіпті Ішкі істер министрлігіне барып жұмыс істегісі келмейді. Тіпті Әкімшілік полиция комитеті қызметкерлерінің кейбірі учаскелік полиция қызметкері лауазымына кетіп қалған кездер болған. Бұл кәдімгі жақсы айлық, – дейді ол.

Игорь Лепеха полиция қатарында әркімнің жауапкершілігіне қарай айлық төленетінін айтады. 

– Әлбетте, министрдің немесе оның орынбасарының айлығы учаскелік полиция қызметкерінің айлығымен тең болмайтыны белгілі. Қалыптасқан градацияға сәйкес, айлық толық сай (жауапкершілігіне қарай) деп ойлаймын, – дейді Лепеха.

 Өз айлығының мөлшерін Лепеха ашып айтқысы келмеді.