×
490.84
536.88
5.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
490.84
536.88
5.04

«Біздің әлем дәстүрлі қалпынан ауытқып барады»: АҚШ-та Болашақ саммиті басталды

23.09.2024, 11:01
«Біздің әлем дәстүрлі қалпынан ауытқып барады»: АҚШ-та Болашақ саммиті басталды
ҚР СІМ

БҰҰ штаб-пәтерінде "Жақсырақ ертең үшін керекті көпжақты шешімдер" тақырыбында Болашақ саммиті басталды. Оған Қазақстан атынан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған делегация қатысады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САММИТКЕ КІМДЕР КЕЛДІ

Саммитке 130-дан астам мемлекеттің өкілдері – президенттер, үкімет басшылары, министрлер қатысады. Сонымен қатар, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар да бар. 

ЖАПАРОВ ПЕН ЗЕЛЕНСКИЙ
 
БҰҰ мінберінен Қырғызстаннан Садыр Жапаров сөз сөйлейді. Бүгін Украина президенті Владимир Зеленский де шығады деген ақпарат бар.

ӘЛЕМ ЕСІНЕН АДАСТЫ 

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш ХХІ ғасырдың сын-қатерлері ХХІ ғасырдың шешімдерін талап етеді деп мәлімдеді: жан-жақты және инклюзивті негіздемелік шешімдер керектігін айтты. Ол Таяу Шығыстан Украина мен Суданға дейінгі әлемді шарпыған қақтығыстарды еске түсірді.

– Мен осы саммитте БҰҰ Жарғысының құндылықтарына негізделген жаһандық институттарды заңды, әділ және тиімді ету үшін терең реформаларды қарастыруға шақырдым. Бұл саммитті өткізуге шақырдым, өйткені біздің әлем дәстүрлі қалпынан ауытқып барады және бізге дұрыс жолға түсу үшін қатаң шешімдер қажет, – деді бас хатшы.

МҰРАТ НҰРТІЛЕУ

Сапарының бірінші күні Мұрат Нұртілеу Сербияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Марко Джурич, Албаниядан Игли Хасани, Ангола Тете Антониомен және Моңғолиядан Батмунхийн Батцэцэгпен екіжақты кездесу өткізді.

НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ 

Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.

Тараптар сондай-ақ жаһандық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға уағдаласты.

БОЛАШАҚ САММИТІ 

Болашақ саммиті – 22-23 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өтетін жоғары деңгейлі іс-шара. Онда әлемдік көшбасшылар барлығына жарқын болашақты қалай қамтамасыз ету керектігі туралы жаңа халықаралық консенсус құру үшін жиналған.

Гутерриш бұған дейін қазіргі институттар басқа дәуірге арналған деп мәлімдеді, сондықтан олар климаттың өзгеруі және технологияның әсері сияқты 21 ғасырдағы қиындықтарға жауап бере алмайды. Бұл ретте Болашақ саммитінің басты мақсаты – жаңа құрылымдар мен басымдықтары бар жаңа әлем құру болуға тиіс.

БҰҰ-ның бұл көзқарасын көптеген мүше елдер, әсіресе Азия, Африка және Оңтүстік Америкадағы дамушы елдер қолдап отыр.