Мюнхенде жерленген қазақ диссиденттерінің қабірі сүріліп кеткен. Кейбірі алдағы жылдары сүрілуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап.
Қабірі жойылған азаматтар арасында Мұстафа Шоқайдың үзеңгілестері, Азаттықтың бұрынғы тілшілері бар. Германияның Мюнхен қаласына барған Азаттық журналистері осындай жайттың куәсі болған.
Мюнхеннің шығыс бөлігінде орналасқан жер немісше Waldfriedhof, яғни "Ормандағы зират" деп аталады. Мұнда әр ұлттың өкілдері жерленген, арасында қоғам қайраткері де, басқа қарапайым адам да бар. Зираттың кіреберісіндегі сол жақ бөлігі мұсылмандарға арналған.
– Германияда бір заң бар. Ол заң бойынша, марқұм қабірге жерленген соң бір адам қарап, жерді жалға алу ақысын жылма-жыл тиісті орынға төлеп тұруы керек. Ақы төленбесе, зиратты сүріп, орны басқа біреуге беріледі. Қарыс Қанатбайдың зиратын да сүріп тастап, орынына басқа біреуді жерлепті, – деді Өмірхан Алтын атты азамат қара мәрмәрдан соғылған белгісіз адамның құлпытасын нұсқап.
Өмірхан Алтынның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын Қарыс Қанатбайдың бейіті мен құлпытасы орнында болған. Тіпті, оның Оралда тұратын туыстары арнайы келіп, туған жерінің топырағын бейітіне салып кеткен.
Қарыс Қанатбай – Мұстафа Шоқайдың үзеңгілесі, түркі елдерінің біртұтас Түркістан мемлекетін құру үшін күрескен қайраткер. 1911 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы Борсы ауылында дүниеге келген. Ресейдің Свердловск қаласындағы тау-кен институтын тәмамдаған. Екінші дүниежүзілік Қызыл армия қатарында соғысып жүріп тұтқынға түскен. Оны тұтқыннан Мұстафа Шоқай алып шыққан деген дерек бар.
Мюнхендегі зиратта Азаттықтың Қазақ қызметін басқарған Дәулет (Дәулеткерей) Тағыберлі де жатыр. Кейбір мәліметке қарағанда, оның жатқан жеріне 2027 жылға дейін ақы төленген. Оның қабірін де қалың шөп басып, басындағы құлпытасы ғана қалқайып тұр.
Енді бір-екі жылда Дәулет Тағыберлінің де бейіті күрелуі мүмкін. Бұл ақпаратты Түркиядағы қазақ диаспорасының белгілі өкілі Дәлелхан Жаналтайың ұлы Әлихан Жаналтай да растады. Ол Дәулет Тағыберліні 1984 жылы Америкаға сапарында көріпті. Оның сөзінше, ол кез Тағыберлінің денсаулығы нашарлап, ауырып жүрген шағы екен.
Қарыс Қанатбай, Мәулікеш Қайбалды, Дәулет Тағыберлі, Абдулла Дүсіповтер – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскери тұтқынға түсіп, соғыстан кейін елге қайтпаған қазақ диссиденттері. Түркістан идеясы үшін күрескен бұл адамдарды совет билігі "сатқындар" деп айыптаған. Қазақ тарихшылары бұл азаматтардың қайраткерлігі толық зерттелмегенін айтады.