×
472.48
550.06
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.48
550.06
6.59

Дүйсеновті экстрадициялау мүмкін емес пе – Германия елшісі жауап берді

Бүгін, 09:03
Дүйсеновті экстрадициялау мүмкін емес пе – Германия елшісі жауап берді
Ulysmedia.kz коллажы

Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен еліміздің бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновтің ісі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Елші Мақсат Дүйсеновті Қазақстанға экстрадициялау мәселесінің саясатқа еш қатысы жоқ екенін айтты.

– Ең маңыздысы – Германияда сот жүйесі толық тәуелсіз екенін түсіну керек. Үкімет тек бақылап отырады, бірақ процеске араласпайды. Сот жүйесі өз алдына дербес жұмыс істейді. Менің білуімше, іс әлі аяқталған жоқ, сондықтан Қазақстан мен Германияның тиісті органдары арасындағы байланыс жалғасып жатыр. Алдағы жағдайдың қалай өрбитінін күту қажет, – деді ол Ulysmedia.kz бас редакторына берген сұхбатында.

Дипломат қазақстандық экс-прокурорды елге қайтару-қайтармауды Германия шенеуніктері емес, сот жүйесі дербес шешетінін еске салды.

– Сот істі қарап болғаннан кейін тәуелсіз шешім қабылдайды. Бұл – саяси шешім емес, Германияның сот жүйесі қабылдайтын дербес шешім, – деді Германия елшісі.

Контекст

Еске салайық, жуырда Қазақстанның Бас прокуратурасы Германия тарапы Мақсат Дүйсеновті экстрадициялаудан ресми түрде бас тартқанын растады.

Ведомствоның мәліметінше, Германия тарапы бұл шешімінің себебін түсіндірмеген. Соған қарамастан, Дүйсеновке жарияланған халықаралық іздеу де, оған қатысты қылмыстық іс те тоқтатылған жоқ.

Экстрадицияға байланысты қиындықтар туралы алғаш рет ақпан айында белгілі болған еді. Қазақстан қашып жүрген бұрынғы прокурорды беру туралы құжаттарды 2025 жылдың күзінде жолдағанымен, оны елге қайтару мүмкін болмады.

Бас тартудың ықтимал себептерінің бірі ретінде Германия тарапының Дүйсенов Қазақстанға қайтарылған жағдайда азаптауға ұшырауы мүмкін деген алаңдаушылығы және істің саяси астары болуы ықтимал деген күдігі аталды.

Мақсат Дүйсенов бірнеше ай бойы Нюрнберг түрмесінде қамауда болған. Бірнеше ай бұрын ол бостандыққа шыққан.

Жуырда ARGA Мақсат Дүйсеновпен сұхбат жариялаған болатын. Әңгіме барысында ол өзіне қарсы қозғалған қылмыстық қудалауды саяси астары бар іс деп санайтынын айтты.

Transparency International халықаралық антикоррупциялық ұйымының мүшесі Әсел Темірова  экстрадиция үдерісіне байланысты мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, үдерістің бір кезеңінде «ешқандай әрекет жасамау» туралы бейресми нұсқау берілген көрінеді. Бұл жағдай Германияның шешіміне әсер етуі мүмкін болған.

Серіктес жаңалықтары