×
483.23
534.74
5.12
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
483.23
534.74
5.12

Балалар арасындағы суицид: Бас прокурор мәлімдеме жасады

Балалар арасындағы суицид: Бас прокурор мәлімдеме жасады
Коллаж Ulysmedia

Бас прокурор Берік Асылов балалардың өзіне-өзі қол жұмсау мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

15 МЫҢ САЙТ ПЕН СІЛТЕМЕ БҰҒАТТАЛДЫ

Қадағаушы органның басшысы Х әлеуметтік желісінде балалардың өзіне-өзі қол жұмсау толқыны қоғамда резонанс тудырғанын ерекше атап өтті.

Прокурорларға әр факт бойынша тергеуді ерекше бақылауды тапсырдым. Мемлекеттік органдармен суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешенін әзірлейтін боламыз, – деп жазды Асылов.

Оның айтуынша, прокурорлар 15 мың зиян сайт пен сілтемені бұғаттап тастады. Сондай-ақ қазіргі кезде қиын тұрмыстық жағдайдағы отбасылармен жұмыс жүргізіліп жатыр.

ҚАУІПТІ ОЙЫНДАР

Соңғы уақытта мессенджерлерде қауіпті ойындар туралы ақпарат тарады. ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешов мұндай ойындарда өзін-өзі өлтіру элементтері кездеспейтінін, бірақ онда балалардың психикасына теріс әсер ететін қашу, бағынбау сияқты әрекеттерді құптау қаупі болуы мүмкін дейді.

Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерін бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлуге шақырады. Жалпы әрбір суицид дерегі бойынша балаларды суицид жасауға итермелеген себептерді және оған қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі, – дейді ол.

Ресми өкілдің сөзінше, кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына ықпал ететін себептер келесідей болуы мүмкін. Бұл:

  • Жалғыздық сезімі;
  • Қиын материалдық жағдай;
  • Ата-аналарымен немесе туыстарымен жанжалдасу;
  • Оқудағы ұрыстар;
  • Ата-анасының ажырасуы;
  • Жақын адамының қайтыс болуы;
  • Жазаланудан қорқу және тағы басқа себептер.

Жалпы, суицид жасаудың нақты себебі тек тергеу нәтижесімен анықталады. ІІМ мәліметінше, суицид жасау және соған әрекеттенудің 14 жағдайында кәмелетке толмағандар мас күйде болған. Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің бір жағдайында жасөспірім есірткілік масаң күйде болған. Талдау көрсеткендей, суицидтер мен суицид жасауға әрекеттенудің басым бөлігін 15-17 жас аралығындағы, яғни өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер жасаған.

ЕЛДЕ СУИЦИД КӨБЕЙІП КЕТТІ

Жалпы елде кейінгі кезде өзіне қол жұмсау фактілері көбейіп кетті. 16 қыркүйекте Алматыда мектептің екі оқушысы биіктен секіріп кеткен. Бұл жайттың басқа да нұсқасы бар деген әңгіме тараса да, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл фактіні “сөзсіз суицид” деп есептейді.  

Оның алдында Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында сержанттың суицид жасағаны жөнінде ақпарат тараған. Қорғаныс министрлігіне қарасты Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер көз жұмды. Әскери бөлім оның туған-туыстарына жас жігіт асылып қалғанын айтқан. Алайда марқұмның туған-туыстары бұл нұсқаға күмәнмен қарайды.

Алматыда Almaty Management University студенті қаза болғаны да хабарланды.

Депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің телеграмм арнасында мұндай жайттар жайлы ақпарат тараған сайын жағдай ушығатынын, ол «Вертер әсері» деп аталатынын ескертеді. Оның сөзінше, Вертер әсері – суицид туралы ақпараттар жарияланғаннан кейін өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының көбеюін көрсетеді, әсіресе мұндай хабарламалар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылған кезде байқалады.

Еске салсақ, Қазақстанда суицидтік сипаттағы белгісі бар 43 интернет-ресурс анықталғанын жазған болатынбыз.