Алматы облысының Үлкен Ақсу ауылында қарасанға байланысты енген шектеу шаралары аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазір елді мекенде жағдай тұрақты. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлімдеді.
Алматы облысында ауру анықталуына байланысты карантин жарияланған болатын. Карантин сол елді мекен бойынша шектеулерді қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда осы шектеулердің бәрі толық жойылды. Карантиннің аяқталуына байланысты ол жақта жағдай тұрақты, - деді ол сенат кулуарында.
Вице-министрдің айтуынша, Үлкен Ақсу ауылында 22 малдан қарасан анықталған: он алтауы – ірі қара, қалған алтауы – жылқы. Ветеринарлық талаптарға сәйкес, залалсыздандыру жұмыстары жасалған.
Ал адам санына келетін болсақ, 11 адам күйдіргі жұқтырған болатын. Қазір олар емделіп жатыр. Емдеу шаралары аяқталуға жақын, - деді Ермек Кенжеханұлы.
Шенеунік ауыл тұрғындары сібір жарасын қалай жұқтырғанын нақтылай алмады.
Оның айтуынша, республика бойынша вакциналауға жататын малға вакциналар республикалық бюджет есебінен сатып алынады. Осы жылға республикалық бюджеттен вакциналарға 26 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
Вакциналау жылдың басынан жылдың аяғына дейін атқарылатын жұмыс. Ол жұмыстар әлі жүргізіліп жатыр. Вакцинаны енгізудің өз мерзімі бар, - деп атап өтті вице-министр.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Ұйғыр ауданының Үлкен Ақсу ауылында карантин жарияланған болатын. Ауру жұқтырды деген күдікпен барлығы 16 адам ауруханаға түскен, оның 11-інен сібір жарасы расталды.