×
$
450.79
524.13
5.31
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
450.79
524.13
5.31

Бұрынғы полиция майоры үш адамның өліміне себеп болған жол апаты үшін сотталды

Бүгін, 13:40
Бұрынғы полиция майоры үш адамның өліміне себеп болған жол апаты үшін сотталды
azhk.kz

Бұрынғы полиция қызметкері Абылай Жарылқасынұлы Алматы – Шелек – Қорғас тасжолында адам өліміне себеп болған жол апатына кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жол апатынан Audi көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Қарсы жолаққа шығып кеткен

Жол апаты 2026 жылғы 23 маусымда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Алматы – Шелек – Қорғас тасжолының 132-шақырымында болған.

Сот анықтағандай, Haval M6 көлігінің жүргізушісі рөлге алкогольдік ішімдік ішкен күйде отырған. Ол қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Audi көлігімен соқтығысқан. Үш адам оқиға орнында қаза тапса, тағы үш адам түрлі дене жарақатын алған.

– Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін ескере отырып, сот Ж.-ға аталған баптың санкциясында көзделген ең жоғары жазаны тағайындады, – делінген Алматы облыстық сотының хабарламасында.

Audi көлігінде бір отбасы болған. 40 жастағы әйел, оның 41 жастағы күйеуі және 19 жастағы қызы қаза тапқан. Көлікте балалар да болған, олар аман қалған.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, Haval көлігінің тізгінінде бұрын ішкі істер органдарында қызмет еткен, полиция майоры шеніндегі 37 жастағы Абылай Жарылқасынұлы болған. Жол апатынан кейін ол полиция қатарынан шығарылған.

Бұған дейін сараптама оның қанынан 3,3 промилле алкоголь анықтағаны хабарланған.

10 жылға сотталып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылды

Істі Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни алкогольдік ішімдік ішкен күйде жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелгені үшін кінәлі деп таныды. Бұл бап бойынша жеті жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот ең жоғары жаза – 10 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар сотталған адам көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды. Сотталған азаматтан моральдық зиянды өтеу үшін 29 млн теңге және материалдық шығын ретінде 1 799 089 теңге өндірілді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.