×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Арандатуға тырысады": Үсен Сүлеймен Батыс қаржыландыратын ұйымдарды сынады

03.10.2024, 22:00
"Арандатуға тырысады": Үсен Сүлеймен Батыс қаржыландыратын ұйымдарды сынады
Ашық дереккөзден

Белгілі қоғам қайраткері Үсен Сүлеймен Варшавада өтіп жатқан адамзат өлшемі бойынша конференцияда сөз сөйледі. Өз кезегінде "Өркендеуге жәрдемдесу ұлттық қорының" (National Endowment for Prosperity) жетекшісі Батыс қаржыландырып отырған үкіметтік емес ұйымдарды сынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Азаттық радиосына" сілтеме жасап. 

БАТЫС САНКЦИЯЛАРЫ ТУРАЛЫ

Үсен Сүлеймен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Астана "ДХР" мен "ЛХР"-ды мойындамайды" деп мәлімдегенін, Қазақстан біржақты санкцияларды мойындамаса да, оларды бұзбау үшін бәрін істейтінін айтты.

"Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанға соққы болып тиеді, алайда Батыс оның шығынын өтеп бермейді. Ресей – біздің сауда серіктесіміз, олармен шекарамыздың ұзындығы 8 мың шақырымға жуық, ал "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізі бізге үлкен жол ашады", – деді Үсен Сүлеймен. Оның сөзі 1 қазанда қордың ресми сайтында жарияланған.

“АРАНДАТУҒА ТЫРЫСАДЫ...”

ОлБатыс қаржыландырып отырған үкіметтік емес ұйымдарды “Қазақстан қоғамында Ресей мен Қытайға қарсы көңіл-күй туғызып отыр” деп кінәлай сөйледі.

“Қазақстан халқы туралы ойламайды, өздері қорқатын бізге екі көрші ядролық державаны арандатуға тырысады. Мұндайды халықаралық құқық және халықаралық гуманитарлық құқық деп айтуға келе ме?” деді ол.

КІМДІ МЕҢЗЕГЕНІ БЕЛГІСІЗ

Бірақ ол сөзіне ешқандай дәлел келтірмеді және қандай да бір ұйым немесе тұлғалардың аты-жөнін атамады.

ТОҚАЕВ САНКЦИЯЛАР ТУРАЛЫ

Тоқаев бұған дейін Қазақстан Ресейге салынған Батыс санкцияларын сақтайтынын мәлімдеген.

"Қазақстан мен Ресейдің еркін сауда айналымы бойынша келісімі сауда-саттықты жіті бақылауға кедергі келтіріп отыр", – дейді сарапшылар.

АҚШ пен Еуроодақ Ресейге шектеулерді айналып өтуге көмектескені үшін бірнеше қазақстандық компанияға санкция салған.

ҮСЕН СҮЛЕЙМЕН

Сүлеймен Үсен Абдухадырұлы –  1959 жылы 20 сәуірде дүниеге келген. Қоғам қайраткері, ғалым және дипломат. Дипломатиялық мансабында Иран, Түрікменстан, Австрия, Гонконг, Макао, Сингапур, Жаңа Зеландия елдерінде елшілік қызмет атқарған. Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінің түлегі. Қазіргі уақытта «National Endowment for Prosperity» қоғамдық қорының басшысы қызметін атқарады. Қазақ, орыс, ағылшын, парсы тілдерін меңгерген.