×
$
441.89
€
502.56
₽
5.19
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.89
€
502.56
₽
5.19

"Екі аптадан кейін ораламын": Каспийде қаза тапқан спортшының арманы орындалмады

Бүгін, 17:46
"Екі аптадан кейін ораламын": Каспийде қаза тапқан спортшының арманы орындалмады
Ulysmedia коллажы

Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 20 жастағы Сержан Аяпберген әскерден кейін спортқа қайта оралуды жоспарлаған. Қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын ол жаттықтырушысына спорт мектебіне жұмысқа орналасқысы келетінін айтқан. Бұл туралы Сержанның самбодан жаттықтырушысы, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Жомарт Қобланов айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Спортқа жеті жасында келген

Жомарт Қобланов Сержанды бала кезінен білетін. Оны ағасы Мағжанмен бірге спорт залына кезінде әкесі алып келген.

– Сержан маған жеті жасында келді. Әуелі дзюдомен айналыса бастады. Сержан Қазақстан чемпионы атанды, күрестен жарыстарға қатысты, өте мақсатшыл спортшылардың бірі болды, – деп еске алады жаттықтырушы.

Кейін Аяпберген самбомен айналысып, республикалық және халықаралық жарыстарда өнер көрсетті. Самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанып, ТМД студенттерінің жарыстарында медальдар жеңіп алған.

Әскерге дейін жас жігіт электрик мамандығы бойынша колледж тәмамдаған. Сол кезде жаттықтырушысы оған өмірін спортпен байланыстыруға кеңес берген.

– Әскерге барар алдында маған келіп, сөйлестік. Мен оған: «Әрі қарай жалғастыр. Спорт мамандығына оқуға түс, жаттықтырушы боласың және спорт саласында жұмыс істейсің», – дедім.

Соңғы әңгіме

Қобланов тәрбиеленушісімен мерзімді әскери қызмет кезінде де байланысын үзбеген. Олар соңғы рет қайғылы оқиғадан шамамен екі апта бұрын сөйлескен.

– Ол: «Екі аптадан кейін ораламын да, спорт саласында жұмыс істеймін», – деді. Спорт мектебіне әдіскер болып жұмысқа орналасқысы келді. Мінезі жақсы еді, таныстарын көргенде үнемі амандасатын. Қазір оны тек мен ғана осылай еске алып отырған жоқпын. Әріптестерім де дәл осылай айтып жүр, – деді ол.

Каспийдегі қайғылы оқиға

24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде теңізге 17 әскери қызметші түсіп кеткен. Үшеуі аман қалды, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Іс бойынша Қарулы күштердің жоғары және аға командалық құрамының бес өкілі ұсталды. Тергеу оқу-жаттығуды ұйымдастыруды, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, ауа райы жағдайын, катердің техникалық жай-күйін және жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетін тексеріп жатыр.