Тұрғындар пікірін сұрап, жариялағаны үшін "сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп танылып, 110 760 теңге көлемінде айыппұл салынған «Уральская неделя» басылымының бас редакторы және құрылтайшысы Тамара Еслямова өзіне бірнеше депутат хабарласқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Журналист facebook парақшасында кеше өзіне мәжіліс депутаты Абзал Құспан хабарласып, мәжілістегі журналист Ермұрат Бапи екеуі Жоғарғы сот төрағасының атына хат жазып жатқанын, ол жерде БАҚ-қа қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге тыйым салатын заң нормасының тұжырымдамасын нақтылауды сұрайтынын айтқан.
Депутаттар прокуратура “Сайлау туралы”, “Референдум туралы” заң нормасын еркінше түсініп, оны еркінше кеңейту арқылы журналистік қызметке қолданып жүр деп санайды.
Журналист депутаттардың бастамасы үміт ұялататынын айтады.
БӘРІНЕ САУАЛНАМА СЕБЕП
Бұған дейін Тамара Еслямова елде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша тұрғындармен сұхбат жүргізгені үшін сотқа тартылған.
Оның айтуынша, даудың себебі – журналистердің АЭС құрылысын салу мәселесі туралы кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардың пікірін сұраған бейнеролигі. Сұхбатқа тек алты-жеті адам қатысқан. Кейбірі 6 қазандағы алдағы оқиғадан хабардар болған, ал басқалары білмеген. Пікірлер әртүрлі болған: кейбіреулер құрылысты қолдаса, басқалары қарсы шыққан.
Алайда, Еслямованың айтуынша, Бас прокуратура бұл сұхбатты қоғамдық сауалнама ретінде бағалап, істі жергілікті прокуратураға жіберген. Өз кезегінде жергілікті прокуратура Еслямоваға және «Журналистік бастама» ЖШС-ге қарсы әкімшілік айыптау әзірлеген.
“ҮНСІЗ ҚАЛДЫРУҒА ТЫРЫСУ...”
Журналист сұхбат пен қоғамдық пікірді сұрау журналистикадағы әртүрлі жанрлар екенін атап өтті. Дегенмен, оның айтуынша, билік бұл айырмашылықты көрмей, оны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 112-бабының 3-бөлігі бойынша айыптап отыр.
«Прокуратураның әрекеті – бұл олардың білімі немесе кәсіби деңгейінің мәселесі емес. Бұл, менің ойымша, журналистердің жұмысына тікелей кедергі келтіру. Біздің міндетіміз – қоғамға әртүрлі көзқарастарды жеткізу, ал мұндай әрекеттер – бізді үнсіз қалдыруға тырысу», – деп түйіндеді ол.
Еслямова журналистік қауымдастық кәсіби қызметке деген құқықтарын қорғауы керек және осындай жағдайлардың олардың жұмысына қауіп төндіруіне жол бермеуі тиіс екенін қосты.