Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы интернет жылдамдығына айтылатын сынға түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
ТОЛЫҒЫРАҚ
Журналистер Астанадағы сайлау учаскесінде цифрлық даму министрін көріп, еліміз интернет сапасы бойынша қандай позицияда тұрғанын сұраған. Министр бұл қазақстандықтар үшін онша маңызды емес екенін айтты.
– Мұндай өлшемлерді күн сайын жаһандық агенттіктер мен компаниялар жүргізеді. Біз әр елмен бәсекелесуге тырыспаймыз. Өз азаматтарымыз үшін жақсы интернетті жасап бергіміз келеді. Біз басқа елдермен бәсекелес болғаннан азаматтарға келіп-кетер ештеңе жоқ шығар. Біз үшін әрбір азаматтың сапалы интернетті қолдануы маңызды. Соған назар аударуымыз керек, – деді ол.
Мәдиев қазір елде 350-ге жуық "ақ дақ" барын айтады. Сөзінше, бұл мәселе басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп шешіледі.
– Біз жақында барлық өлшемді жасадық, "ақ дақтарды" анықтадық. Бүгінде ел бойынша 350-і бар. Біз оларды шешеміз, нақты жоспар бар. ҰҚК-мен әкімшілік ғимараттарға базалық станцияларды қоюға келістік.
Әкімдіктермен республикалық жолдарда қайда қоямыз деген жоспар жаздық. Денсаулық сақтау министрлігімен базалық станцияда радио сигнал деңгейін арттыру үшін келіссөздер жүргіздік, – деп қосты шенеунік.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНТЕРНЕТ
Еске сала кетейік, бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қытай мен Ресейде қамту аймақтары болмағандықтан, елдің шекаралас аумақтарындағы бірнеше мектеп Starlink-ке қосыла алмайтынын айтқан болатын.
Көктемде Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша жаһандық рейтингте 66-шы орынға ие болды.