×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Израиль премьер-министрі соғыс қашан аяқталатынын айтты

07.10.2024, 21:55
Израиль премьер-министрі соғыс қашан аяқталатынын айтты
Ашық дереккөзден

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху соғыстың басталғанына бір жыл толғанда жаңа мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ҚАЙТА ӨРЛЕУ СОҒЫСЫ”

Қақтығысқа бір жыл толғанда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху үкімет отырысында ХАМАС пен Хезболлаға қарсы жалғасып жатқан соғысты "Қайта өрлеу соғысы" деп атауды ұсынды, деп хабарлайды The Times of Israel. ХАМАС-қа қарсы бір жыл бойы жалғасқан қақтығыс бұған дейін ресми түрде "Темір қылыштар" әскери науқаны деп аталған.

СОҒЫС ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ

"Бұл – біздің өмір сүру үшін соғысымыз, "Қайта өрлеу соғысы". Мен осы соғысты ресми түрде дәл осылай атағым келеді. Біз соғысты барлық мақсатымызға жеткенде аяқтаймыз: ХАМАС-тың жаман билігін құлатамыз, барлық тұтқындарымызды – тірілерді де, қайтыс болғандарды да – үйлеріне қайтарамыз, Газадан Израильге келетін кез келген болашақ қауіптің алдын алып, оңтүстіктегі және солтүстіктегі тұрғындарымызды үйлеріне қайтарамыз", – деді Нетаньяху.

“ШАРШАТУ СОҒЫСЫ”

ХАМАС-тың қарулы қанатының өкілі Абу Обейда топтың "шаршату соғысын" жалғастыратынын уәде етті.

"Біз жауды шаршату соғысын жалғастыруға шешім қабылдадық, бұл соғыс дұшпан үшін ауыр әрі қымбатқа түседі", – деді ХАМАС өкілі Al Jazeera арнасындағы бейне хабарында.

СОҒЫСҚА БІР ЖЫЛ БОЛДЫ

Израиль Палестинаға шабуыл бастағанына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде мыңдаған бейбіт тағдыр қиылып, үйлер үйіндіге айналды.

ҚАЗА ТАПҚАНДАР САНЫ

Қақтығыс кесірінен 41 мың палестиналық қаза тапқан, оның көбі – бейбіт тұрғын. Газа аймағының көп бөлігі қирандыға айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары бойынша жоғары комиссары Фолькер Тюрк сәуірде Газада "әр он минут сайын бір бала жараланады не өлтіріледі" деген. Аймақта өлгендер саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. БҰҰ мәліметі бойынша, 10 мыңнан астам адам Газада қираған ғимараттар астында әлі көміліп жатыр.

ЖАРАЛЫЛАР ЖАЙЛЫ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, Израильдің құрлықтан және әуеден жүргізген операциясы кезінде 95 мың палестиндік жараланған.

ЖУРНАЛИСТЕР ДЕ ҚАЗА ТАПТЫ

Газада 116 журналист пен медиа қызметкері қаза тапты. Бұл жөнінде Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) хабарлады.

БОСҚЫНҒА АЙНАЛҒАН ГАЗАЛЫҚТАР

БҰҰ-ның 2023 жыл соңындағы болжамы бойынша, Газа тұрғындарының 85 пайызы, яғни 1,9 миллион адам үйінен қашып, Палестинаның өз ішінде босқынға айналған.