Қорғаныс министрлігі жастарды әскерге көшеден немесе жұмыс орнынан сүйреп алып кетуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Жалпы бұл әрекет көктемгі шақырылымда болды, күзгі шақырылымда ол әрекетке барған жоқпыз, себебі мәселенің оңтайлы шешімі табылды. Қазіргі таңда әкімнің идеология жөніндегі орынбасарлары жастарды тәрбиелеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Сол сияқты алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерімен де тығыз жұмыс қолға алынды. Одан қалды зейнеттегі әскери ардагерлердің үгіт-насихат шараларының арқасында біз қазір көшеден ұстау немесе күштеп әкетуге жол беріп жатқан жоқпыз», – деді ҚР Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбеков.
Бұл мәселеге қатысты Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин де түсінік берді.
Осындай фактілер көбінесе БАҚ және әлеуметтік желілерде тарап жатады, бірақ олардың саны көп емес. Әскер қатарына жылына 40 мыңға тарта азаматты шақырсақ, олардың арасында көшеден алып кеткен бірер жағдай болып қалуы мүмкін. Ішкі істер органдары әскерге келмей жүргендерді іздестіру шараларын қамтамасыз етеді, бұл жерде ішкі істер органдарының әрекеттері заңды. Ал азамат неліктен өзі келмейді? Оның әртүрлі себептері бар, мысалы, ол бір жерде тіркеуде тұрып, өзі басқа қалада жүруі мүмкін, – деді ол.