59 жастағы Turkish Airlines әуе компаниясының ұшқышы Ильчехин Пехливан Сиэтлден Стамбулға бағыт алған рейс кезінде қайтыс болып, ұшақ АҚШ-та шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕСІНЕН ТАНЫП ҚАЛҒАН
Airbus 350 экипаж командирі ұшу барысында есінен танып қалған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқанымен, еш нәтиже болмаған.
"Экипаж капитан мен екінші ұшқыштан құралған, олар шұғыл қону туралы шешім қабылдады, алайда біздің капитан қонғанға дейін қайтыс болды. Экипаж Нью-Йоркке қонуға шешім қабылдады, ал жолаушыларды үйіне қайтару Нью-Йорк әуежайы арқылы жоспарланып отыр", – деді Turkish Airlines баспасөз хатшысы Яхъя Устюн X әлеуметтік желісінде.
ЕШҚАНДАЙ КІНӘРАТ БОЛМАҒАН
Ильчехин Пехливан Turkish Airlines компаниясында 2007 жылдан бері жұмыс істеген. Әуе компаниясының мәліметінше, ол осы жылдың наурыз айында міндетті медициналық тексеруден өткен, денсаулығынан ешқандай кінәрат анықталмаған.