×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Талғарда өлтірілген Шерзаттың өртенген үйі қазір қандай күйде (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Талғарда өлтірілген Шерзаттың өртенген үйі қазір қандай күйде (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Фото: Ulysmedia

Талдықорғанда өлтірілген жасөспірім марқұм Шерзат Болаттың үйін бүгін сағат түнгі 00.30 шамасында әлдекімдер өртеп кеткен еді. Ulysmedia.kz жалынға оранған үйдің қазіргі күйі туралы фоторепортаж жариялап отыр.

Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа үйдің өртенгенін көршілері айтқан.

Төменде біз үй иесінің Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында айтқан сөздерін келтіріп отырмыз.  

«Көрші жігіттер келді, бәріне рақмет!».

«Әкім-қаралар, құзырлы органдар кешеден бері келіп, уәдені үйіп-төгіп беріп жатыр».

«Өзім үшін қорықпаймын. Халық үшін қорқамын. Отбасым үшін қорқамын».

«Біреудің қайғысы болса, біреуге ұпай керек болады».

«Ақ-қарасы анықталған соң кінәлілер жауап береді деген ниеттемін. Алла Тағала бар».

«Қолымнан келгенше күресем. Баламның аруағы разы болуы үшін соңына дейін күресем».

«Құзырлы органдарға сенім таныта алмаймын. Ақиқатқа өз күшіммен жетемін деп ойлаймын».

«Балам атасы мен әжесінің қолында өсті. Сол себепті жетісін бергенше әке-шешемнің жанында болайық дескенбіз».

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Көп өтпей марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Талғарда өлтірілген бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып беретіні хабарланды.

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.