×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Французша сөйлеп тұрсың ба?»: Черчесов қазақша сұрақ қойған журналиске осылай жауап берді

15.10.2024, 01:55
«Французша сөйлеп тұрсың ба?»: Черчесов қазақша сұрақ қойған журналиске осылай жауап берді
Ашық дереккөзден

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов кезекті рет өзінің тілшілермен тату еместігін көрсетті, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz 

Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов UEFA Ұлттар лигасында Словенияға қарсы 0:1 есебімен жеңілген матчтан кейін баспасөз мәслихатында журналистің қазақ тілінде қойған сұрағына тосын жауап берді.

“Сен қазір французша сөйлеп тұрсың ба?” – деді Черчесов.

Медиасарапшы Молдияр Ергебеков Станислав Черчесов осы сөзі арқылы ұлтаралық араздықты қоздырып отырғанын айтады.

“Қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке нәсілшіл тілмен жауап берді. Бір мемлекетке келіп, сол мемлекеттің мемлекет тіліне құрмет көрсетпеу – ұлтаралық араздықты қоздыру, ал сол тілді түсінбегенсіп мазақтау – нәсілшілдік. Сұрақ: Станислав Черчесов Қазақстан Республикасы заңы бойынша жауапқа тартыла ма?” деп жазды сарапшы фейсбуктегі парақшасында.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұл бірінші рет емес. Бірнеше ай бұрын Черчесов қазақша сұрақ қойған журналиске: «Саған осетинше жауап беруге бола ма?» деп жауап қайтарған. Кейінірек Қазақстан футбол федерациясы Черчесовтың қазақ тілін үйрене бастағанын хабарлаған еді.

Сонымен қатар, бапкер бұған дейін ұлттық құрамада жұмыс істеген уақыты ішінде қазақстандық ойыншылардың тегін әлі күнге дейін жаттап алмағаны үшін сынға қалған. 

Айта кетейік маусым айында Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкерлікке тағайындалған Черчесов әлі бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ. Ұлттық құрама жеңілістен көз ашпай келеді. 

ЧЕРЧЕСОВ ДЕГЕН КІМ?

Ресейлік футбол жаттықтырушысы, футболшы, КСРО және Ресей құрамаларының қақпашысы Станислав Саламович Черчесов 1963 жылы 2 қыркүйекте Солтүстік Осетия Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Алагир қаласында (қазіргі Солтүстік Осетия-Алания Республикасы) дүниеге келген.

2016 жылдың 11 тамызында Станислав Черчесов Ресей құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

Оның жетекшілігімен ресейлік футболшылар өз жеріндегі әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетті (2018), бірақ 2021 жылы Ресей құрамасы Еуропа чемпионатында плей-офф кезеңіне өте алмады, В тобында соңғы орын алды. Команда Финляндия құрамасын жеңді (1: 0) және бельгиялықтардан (0:3) және даттардан (1:4) ұтылды.

2021 жылдың 8 шілдесінде Станислав Черчесовтың футболдан Ресей құрамасының бас бапкері қызметінен кеткені белгілі болды.