Әйгілі бизнесмен, инженер, миллиардер Илон Масктың анасы Мэй Маск Қазақстанға келіп тұсау кесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЭЙ МАСК
Мэй Масктың Қазақстанға келгенін Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қарашаш Жүзеева желідегі парақшасында жариялады. Ол Алматыда өткен Орталық Азия әйелдерінің форумына келген.
ТҰСАУ КЕСТІ
Әйгілі Илон Масктың анасы Мэй Қазақстанға құр келіп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүріне куә болып өзі де соған қатысты. Нақтырақ айтқанда Мэй Маск тұсау кесіп, бүлдіршіннің алғашқы қадамына себепкер болды.
Бүлдіршіннің отбасы да Мэй Маскты құр қол жібермей шапан жауып, саусағына жүзік таққан.
МЭЙ МАСК
Мэй Маск – канадалық және оңтүстік африкалық модель. Үш баланың анасы: ұлдары Илон Маск, Кимбал Маск және қызы Тоска Маск. Ол 50 жыл бойы модель ретінде жұмыс істеді, “Time” сияқты танымал журналдардың мұқабаларында көрінген.
Модельдік мансабымен қатар, Мэй Маск диетология саласында да белсенді қызмет атқарды. Диетолог ретінде Канададағы барлық провинцияларда және АҚШ-тың 39 штатында лекция оқыған.
ИЛОН МАСК
Илон Маск – америкалық кәсіпкер, инженер және миллиардер. SpaceX компаниясының негізін қалаушы, бас атқарушы директоры және бас инженері; Tesla компаниясының инвесторы, бас атқарушы директоры және өнім архитекторы; The Boring Company компаниясының негізін қалаушы; Neuralink және OpenAI компанияларының тең құрылтайшысы, сондай-ақ Twitter (қазіргі X) иесі.
2021 жылдың 7 қаңтарында оның байлығы 185 миллиард долларға жетіп, Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безосты әлемдегі ең бай адам тізімінің көшбасшылығынан ығыстырды.
2021 жылдың 1 қарашасында Маск тарихта алғаш рет байлығы 300 миллиард долларға жеткен адам болды